Bugin
Зайсан қаласында келер жылы 300 оқушының білім алуына мүмкіндік беретін мектеп бой көтереді
Бұл туралы Зайсан ауданы әкімі Серік Ақтанов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтып берді.
Зайсан ауданында құрылыс жұмысы қарқынды. Мәселен,«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қалада жалпы құны 303 млн теңге болатын 30 пәтерлі тұрғын үй құрылысы биыл мамыр айында басталған. Бүгінде бөлінген қаражаттың жартысы игеріліп бітті. Сондай-ақ, одан бөлек тағы бірқатар әлеуметтік нысандар ел игілігі үшін салынбақ.
- 2019 жылдан бастап баланы 6 жастан мектепке беруге міндеттелуіне және қала халқының жылдан жылға өсуіне байланысты жаңа мектеп салу қажеттілігі туындап отыр. Осыған орай Зайсан қаласында 300 орындық мектеп салуға жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде, -деп атап өтті Зайсан ауданының әкімі Серік Қасымбекұлы.
Жаңа мектепті салуға қанша қаражат бөлінетіні әзірге белгісіз. Сондай-ақ, М. Дәуленов атындағы мектептің ескі ғимаратын ағымдағы жөндеуден өткізуге облыстық бюджеттен 39,5 млн теңге бөлініп қойған.
Айта кетейік, 6358 оқушы білім алатын ауданның білім беру жүйесінде 27 мемлекеттік жалпы білім беру мектебі, 1 спорт, 1 музыка, 1 жас техниктер стансасы, 1 жас натуралистер орталығы, 16 балабақша, 14 мектеп жанындағы шағын орталық және 1 техникалық колледж бар.
Биыл ауданда облыстық бюджеттен 43,6 млн теңге бөлініп, 16 шағын жинақталған мектептерде IT-сыныптар ашылып, интерактивті панельдермен жабдықталған.