Саясат

Данияр Әшімбаев: Назарбаев пен Тоқаевтың арасы – қырғи қабақ

Тоқаев Қауіпсіздік кеңесіне қарсы шығып отыр

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың Platon.asia сайтына берген сұхбатында "қазіргі қазақстандық билік екіге бөлініп кетті ме?" деген мәселе көтерілген екен. Саясаттанушының сараптамасына сүйенсек, алғашқы президент пен екінші президенттің арасында қазір 100 пайыздық байланыс пен сенім бар деп айту қиын. Әшімбаевтың сөзімен айтсақ, екі басшы да бір-біріне тіке келмей, сабырмен бірін-бірі бағып, қырғи қабақ танытып отыр.

- Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кетудің қамын жасауға сонау 2000 жылдары кіріскен. Сол кезден бастап-ақ "Тұңғыш президент туралы" заңды жасауды қолға алды. Биліктен кеткеннен кейін де құзіреті қандай болады – бәрін бекітіп алған. Алайда біздің заңдарды білесіздер ғой, әйтеуір, бір жерінен кемшілік табылады. Сол сияқты бұл заңның да кем тұсы бар. Атап айтқанда, заңда тұңғыш президент пен одан кейін таққа келетін президенттің арасындағы қарым-қатынас нақты көрсетілмеген. Яғни, бұл жерде кім басшы? Елбасы – тұңғыш президент пе әлде халық сайлаған мемлекет басшысы ма? Екі басшының арасындағы келіспеушіліктің басы осы жерден басталады, - дейді Әшімбаев.

Мұндай жүйе бір жағынан, бұрынғы кеңес жүйесіне ұқсайды: Орталық комитеттің төрағасы мемлекет басшысы болғанымен, құжат жағынан мемлекетті басқарушы – Жоғарғы Кеңес президиумы еді. Алайда президиумның өзі ешнәрсе шеше алмайтын. Сондықтан мұндай ойынның Елбасына ұнамасы анық. Соған сай, Тоқаевты да тақымынан шығарғысы келмейді.

- Қазір экс-президент пен Тоқаевтың арасында 100 пайыздық келісім мен сенім бар деп айту қиын. Тұңғыш президент психологиялық жағынан елді басқарып отыру үшін өз билігінен айырылғысы келмейді. Биліктен ғана емес, саяси бағытын да құр қалдырғысы келмейді. Елбасының саяси бағыты – тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді сақтау. Ал Тоқаев президент ретінде бұл идеологияны аса қолдамайтын тәрізді. Мұны соңғы уақыттары орын алып жатқан жағдайлардан байқауға болады, - дейді саясаттанушы.

Әсіресе, Елбасы төрағалық етіп отырған Қауіпсіздік кеңесінің елді басқаруға шамасы келмей отырғанын аңғаруға болады. Оны Тоқаевтың Қауіпсіздік кеңесінің құрамына енетін Қарулы күштердің кейбір өкілдерін қызметтен алып тастауға тырысқанынан аңғаруға болады. Басты "адамдарды" ауыстыра алмаса да, екінші, үшінші эшелондағы тұлғаларды алмастырумен тоқтады.

- Ал Назарбаев тағы бір президенттің бар екенін білмеген түр танытып, Қауіпсіздік кеңесінің соңғы отырысына Тоқаевты шақырмай қойды. Ал Тоқаев болса, заң бойынша, Бас қолбасшы емес пе?! Бұл жерде құқықтық құзіреттің ақылға сыймайтын үлгісін көріп отырмыз. Әсіресе, Арыстағы жағдайға қатысты шешім шыққанда таңқалмасқа амал қалмады. Өйткені Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Арыс мәселесі талқыланғанымен, Тоқаев апатқа қатысты пікір білдіре қойған жоқ әрі отырыста да біреуді жазалау туралы әңгіме болмаған еді. Соған қарамастан отырыстан кейін Тоқаев Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевқа қатаң сөгіс жариялады. Ал бұған толықтай құқығы бар Қауіпсіздік кеңесі болса, ешкімді де жазаға тартқан жоқ, – дейді саясаткер.

Тоқаев пен Назарбаевтан бөлек сенат төрағасы болып отырған Дариға Назарбаеваның де өзінше билік құрып жүргенін ұмытпайық. Мемлекет басшысы Тоқаев Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының жұмысымен жүрген кезінде, Дариға Назарбаева елде Әлем діндері съезін өткізіп, өзгеше бір шара ұйымдастырған еді. Ал бұл шараға мемлекет басшылары қатысқан кезде, делегацияларды қабылдаушы ел ретінде Қазақстан президенті Тоқаевтың бұған қатыспағаны қызық болды. Бірінші президент те елге келген делегацияларды жеке қабылдаған жоқ.

- Шынын айтқанда, әркім өз кабинетіне кіріп алып, елді өзінше басқарып отырған сияқты әсерде қалып отырмыз. Әрі үшеуі де бір-бірінің "тірлігіне" араласпауға, бетіне қарсы келмеуге тырысуда. Бір-біріне деген кейісті сыртқы шығарғысы келмеуде, - дейді Әшімбаев.