Саясат

Австрияда парламенттік сайлаудың нәтижелері жарияланды

Билеуші коалицияның қалай құрылатындығы әлі белгісіз

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Сайлауда бұрынғы канцлер Себастьян Курцтың партиясы 37,5% дауыспен жеңіске жетті. Тарихында ең нашар нәтиже көрсеткен социал-демократтар – екінші орында. Оңшыл популистік азаттық партиясы – үшінші орында.

Австрияда өткен парламенттік сайлауда бұрынғы канцлер Себастьян Курц басқаратын консервативті Австриялық Халықтық партия (АХП) жеңіске жетті. 3 қазанда жарияланған ресми сайлау нәтижелеріне сәйкес, АХП 37,5 пайыз дауыс жинаған. Осылайша, Курц партиясы, 2017 жылғы өткен сайлауға қарағанда, 6 пайыздық тармаққа артық дауыс алды. 

Екінші орында Социал-демократтар  21,2 пайыз дауыс жинап, 5,7 пайыздық ұпай жоғалтты. Олар үшін бұл - партия тарихындағы ең нашар нәтиже. Одан кейінгі Австрияның оңшыл популисттік азаттық партиясын (ОПАП) сайлаушылардың 16,2 пайызы ғана қолдаған. Осылайша, оңшыл популистер екі жыл бұрынғы нәтижемен салыстырғанда бірден 10 пайыздық ұпай жоғалтты. Одан кейін 13,9 пайызбен австриялық «жасылдар» және 8,1 пайыз дауыспен либералды Жаңа Австрия партиясы орналасты.

Дауыс беру қорытындылары бойынша басты сұрақ: "билеуші коалиция қайтадан АХП және ОПАП қатысуымен құрылатын бола ма?" деген сауал. Себебі мамырда ОПАП-ның экс-лидері, бұрынғы вице-канцлер Хайнц-Кристиан Штрахқа қатысты жанжалдан кейін парламент коалицияға сенімсіздік білдірген болатын. 

Жасырын камераның жарияланған жазбаларына сәйкес, 2017 жылы Ибицадағы қонақ үйде Штрахтың ресейлік олигархтың жиеніне өз партиясына заңсыз қаржылық көмек алу үшін үкіметтік келісім-шарттар ұсынғандығы жарияланған болатын. Нәтижесінде коалиция таратылып, мерзімінен бұрын парламенттік сайлау жарияланды. Ал ОПАП-ның жаңа көшбасшысы Норберт Хофер үкіметке оралғысы келетіндігін бірнеше рет атап өтті.