Bugin
Фильмді саясиландырғысы келмейді
Мәжіліс депутаты, "Елбасы жолы" киноэпопеясында Нұрсұлтан Назарбаевты сомдаған актер Нұрлан Әлімжанов жуырда көрермендерге жол тартқан "Томирис" тарихи фильмі жайлы пікірін айтты.
Әлімжанов "Томирис" фильмін отбасымен бірге тамашалаған. Айтуынша, кинотуынды оған қатты ұнапты, өте жақсы әсермен шыққан. Десе де, актер фильмде Томиристің әкесінің кегін қайтарған сәтіне көрермендердің айызы қанбай қалғанымен келісті.
- Тез өлтіріп жіберді, жасыратыны жоқ. Жетпей қалған тұс әр кинода да болады. Бірақ, кейде созса, тағы да дәмі кетіп қала ма деп те ойлайсың. Тарихты бізден гөрі Ақан аға көбірек зерттеді. Қаншама кеңесшісі бар. Томиристің мықтылығы әкесінен асып түскен деп айтады ғой, негізі, - дейді депутат.
"Томирис" фильмі қалың көпшілікке жол тартқаннан кейін, кинокартинаны сенат төрағасы Дариға Назарбаеваның "сайлауалды ролигі" дегендер де табылды.
- Мен бұл фильмді саясаттандырғым келмейді. Жалпы бұл біз дүниеге келмей жатып болған тарихи оқиға. Бала кезімде сүйіп оқыған кітаптарымның бірі. Мәселе онда емес. Қаншама қыз Томирис апасындай болғысы келеді. Бұл жерде әңгіме Дариға Назарбаева туралы емес. Мәселе "Томирис" фильмінің құндылығында, ұлтжандылыққа тәрбиелейтін идеологиясы бар деп ойлаймын, - деген пікір білдірді актер.
Айтуынша, қазір қазақ қыздары жалаңаштанып, ойына келгенін жасап жатыр. Ал бұл туынды өскелең ұрпақты ұлтжандылыққа, қайсарлыққа, отбасы құндылықтарын сақтауға, өмірлік жарына адал болуға тәрбиелейді.
Sputnik Қазақстан