Weekend

Кинодағы Джокерлер

Экранда көрініс тапқан Джокерлер мен оларды ойнаған актерлер туралы айтамыз

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

DC комикстерінің танымал зұлым кейіпкері Джокер киноға келгелі - актерлердің шеберлігін сынайтын өлшем бірлігіне айналып кеткен. Бәріміз марқұм Хит Леджер туралы айтсақ, алдымен оның Джокер образын елестетеміз. Осы кейіпкерді ертеректе ойнаған Джек Николсонды да көпшілік ұмыта қойған жоқ.

Джокердің кинодағы бейнесі алғаш рет 1966 жылғы "Бэтменде" пайда болған екен. Сесар Ромеро ойнаған зұлым клоунның образы бұл фильмде ашылмай қалды деуге болады. Түрі комикстағы түрінен сәл өзгеше болған бұл Джокер айтарлықтай зұлымдыққа бара қоймады, істегендерінің көпшілігі жай әзіл болып шықты. Оның шығу тарихына да фильмде уақыт бөлінбепті.

1966-1968 жылдары осы картинаның жалғасы ретінде сериал көрсетілді. Бұнда да психопат кейіпкерді Сесар Ромеро ойнады.

Джокер екінші рет экранда Джек Николсонның орындауында пайда болды. Бұл Тим Бертонның 1989 жылғы "Бэтмені" еді. Осы картинада зұлым кейіпкердің шығу тарихы айтылды және Бэтменге тең келетін қарсылас түрінде көрсетілді. Келбеті де канонға сай жасалған еді. Николсон осы рөлі үшін "Алтын глобусқа" үміткер болды.

Хит Леджердің культқа айналған образы Кристофер Ноланның "Қара рыцарь" фильмінде көрініс тапты. Оның шын есімі мен пайда болуына сюжетте орын болмады, бірақ актердің ойыны барлық кемшілікті жоққа шығарды. Шынайылық үшін түріне аздап өзгеріс енгізілгенімен, көп деталь сол күйі қалды. Тек езуіне салынған тыртық қана белгі боп қалды. Бұл образды Леджердің өзі жасаған дейді, ол мейілінше Джек Николсонның Джокеріне ұқсамауға тырысқан.

Осы рөлі үшін актер "Оскар", "Алтын глобус" және басқа да беделді сыйлықтарға ие болды. Бір өкініштісі, бұл марапаттың бәрі оның өлімінен кейін берілді.

Жаңа образ "Өлімге бәс тіккендер жасағы" боевигінде пайда болды. Музыкант Джаред Летоның орындауындағы Джокердің экрандағы уақыты көп болған жоқ. Бірақ болашақ жобаларда толыққанды көрінеді деп мәлімделді. Психопаттың түріне біраз өзгерту енгізілген: қасы жоқ, бетіне ақ рең беретін грим емес, өз терісінің түсі, шашы жасыл, бірақ ұзын емес, денесінде тату бар, тісіне темір протез салынған.

DC мен Warner Bros. компаниялары кеңейтілген киноғаламынан бөлек, жекелеген кейіпкерлерге бөлек фильмдер түсіру идеясын жария еткен еді. Сондай өнімдерінің бірі - биылғы "Джокер" болып отыр. Бұның киноғаламы осыған дейінгі жобалармен еш байланысы жоқ, дербес картина. Фильмде Джокерді Хоакин Феникс ойнады. Бұнда кейіпкердің тарихына, біз білетін образына қалай келгеніне ерекше көңіл бөлінеді. Сыншылар актердің ойынын жоғары бағалап жатыр.

Джокердің телесериалда да образы қалыптасқан. "Готэм" сериалында Камерон Монахен ойнайтын ағайынды Валеска бейнесі Джокердің прототипі саналады. Ал мультсериалдарда көрініп жүрген Джокерді актер Марк Хэмилл дыбыстап жүр.