Саясат

Жастар неге шетелде білім алуға құмар?

Шетелде оқудың артықшылығы мен кемшілігіне көз жүгіртіп өтіңіз

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

«Дүние тану, білімге талпыну әрбір адамның есейген дәуірінен аңсап қараған түбегейлі ісінің бірі болып келеді. Егер бұл талпыну болмаса, әрбір адам білімге, еңбекке үңіле қарамаса, тек аңша қарын тойдырып, ұйқымен уақыт өткізсе, ешбір ілгері басу – өрлеу де болмас еді» 

Әдебиеттанушы, шығыстанушы, өнертанушы Әлкей Марғұланның бұл нақыл сөзі кез келгенді жігерлендіріп, ойландыратыны анық. Заман өзгерсе де, адам бойындағы адамгершілік, білімге құштарлық, интеллигентті болу сәннен қалған емес. Қазіргі жастардың басым көпшілігі жоғары деңгейде білім алуды көздейді. Көбінің елдегі білім жүйесіне көңілі толмағандықтан, шетел асып кетуіне тура келеді. Сапалы білім жастардың мансаптық өсуіне, жоғары табыс табуына, маман болып қалыптасу жолында кәсібилікке шыңдалуына қажетті өте маңызды ресурстың бірі. Жасыратыны жоқ, Қазақстандағы білім беру жүйесі көпшілікті қуантпайды. Жастар білім беру жүйесіндегі тәжірибенің аздығын, зертханаға қажетті құрал-жабдықтардың жетіспеушілігін, оқулықтардың тым ескі екенін алға тартады. Соңғы жылдары қазақстандық студенттер арасында шетелде оқу танымал болып келеді. Осыған орай, біз шетелде оқудың артықшылықтары мен кемшіліктерін талқылып көруді жөн көрдік.

Кемшіліктері

Оқу ақысы

Көбінесе шетелде оқу және тұру отандық білімнің құнымен салыстырғанда қымбатқа түседі. Бірақ бұл мәселені шешетін бірнеше жол бар. Толық емес жұмыс, яғни студенттерге кампуста аптасына 20 сағат жұмыс істеуге рұқсат берілген және кафедрада ассистент ретінде қосымша жұмыс атқаруға болады. Сонымен қатар оқу құнын ішінара өтейтін шәкіртақы, ақылы тағылымдама және тағы басқа да мүмкіндіктер қарастырлыған.

Қашықтық және бейімделу


Шетелге келген студент сол елдің аурасына бірден бейімделіп, менталитетіне тез сіңісіп кете алмайды. Көбі ішкі мәдениеті бір бөлек, басқа талаптар мен түрлі ережелерді көріп күйзеліске түсіп жатады. Сонымен қатар қиын сәтте қолдау білдіретін достары мен туыстарының жоқтығы, қатаң талапқа негізделген басқа білім беру жүйесі, тілдік тосқауыл алғашында кедергі келтіретіні рас. Бірақ уақыт өте келе қорқыныштың буы басылып, сіз еркін, тәуелсіз адам екеніңізді сезінесіз.


Құжаттар топтамасы

Оқуға түсу қиындық тудырмас үшін құжаттар топтамасын мұқият дайындаған жөн. Есіңізде болсын, ол жерде сізбен ешқашан байланыспаған, сізді мүлдем танымайтын адамдар сіздің талантыңыз бен біліміңізді, ұмтылысыңызды тек қабылдау комиссиясына тапсыратын арнайы қағаз дәлелдемелер арқылы бағалай алады. Сонымен қатар, виза алу мәселені ерекше мән берген жөн.

Артықшылықтары

Беделі мен болашағы

Шетелдік диплом сіздің түйіндемеңізге үлкен септігін тигізеді. Сондықтан сіз өз еліңіздегі, шетелдегі ең ірі және беделді компанияларға жоғары лауазымды қызметке орналасуға мүмкіндік аласыз.


Көптілділік және жаңа орта

Шетелде оқу және өмір сүру тәжірибесі 3 себепке байланысты ерекше. Біріншіден, студенттік қоғамдастықтың интернационалдығын ескере отырып, оқу соңында сізге кем дегенде екі шет тілінде сөйлеп шығуға кепілдік беріледі. Екіншіден көптеген елдің әртүрлі мәдениетімен таныс боласыз. Үшіншіден, жаңа орта тауып, олармен болашақта жай дос болып қана қоймай, іскер серіктес бола алатын әр түрлі елдердің адамдарымен достасуға және саяхаттауға мүмкіндік аласыз.


Шетелде қалуға мүмкіндік алу

Канада мен Австралия ашық иммиграциялық саясатты жүргізеді. Мұнда шетелдік мигранттарға материалдық көмек көрсету бағдарламалары жұмыс істейді. Кейбір Еуропа елдеріндегі демографиялық дағдарысты ескере отырып, оқу бітіргеннен кейін сол жерде тұрақтап қалуға болады.

Сапалы білім және оның практикалық бағыты

Шетелде оқу – көп ерік-жігерді, еңбекті, шыдамдылықты, сонымен қатар көп нәрсені өз бетінше үйренуді талап етеді. Шетелдік жоғары оқу орындары студенттерді қажетті білім ресурстарымен қамтамасыз етеді. Мұнда соңғы үлгідегі зертхана құралдары, заманауи кітапхана, беделді компаниялардағы міндетті тағылымдамалар, тәжірибелі оқытушылар және үлкен тәжірибесі бар тұлғалар сізге терең әрі сапалы біліммен қатар, нақты кәсіби дағдыларды, алдағы уақытта жұмысқа орналасу үшін қажетті көшбасшылық жеке қасиеттерді шыңдауға мүмкіндік береді.

Сапалы білімге құйған инвестиция жарқын болашақтың кепілі.