Саясат

Жас жігіттің Шерхан Мұртазаға күйінішпен жазған хаты

Бүгін Халық жазушысының өмірден өткеніне 1 жыл толды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жазушы, қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Шерхан Мұртаза 2018 жылдың 8 қазанында 86 жасында қайтыс болған еді. Бүгін Қазақстанның халық жазушысының өмірден өткеніне 1 жыл толды. Осы орайда Тәуірбек Бозекеновтың өзінің Facebook парақшасында Шерхан Мұртазаға жазған хатын ұсынуды жөн көрдік.

ШЕР АТАМА ХАТ

"Құрметті Шер Ата, сіз қазір біздің үстімізден жай ғана бақылап, шерменде боп «опасыздар-ай...» деп отырған шығарсыз?! Құдай Тағаланың ойлап тапқан өмірі мен бақиы, жазмышы мен озмышы болмаса ортамызға қайта тіріліп кеп «қызыл жебе» боп атылып, майлы жілікті жақсы көретіндерді көкжелкеден ұрып құстырар едіңіз. Оған еш күмәнім жоқ!

Кезінде шымбайыңызға батып шымырлатқан, жүрегіңізді жаншып жылатқан елдің мұңын, мыңмен жалғыз алысып жүріп, мінбердегілерге қорықпай жеткіздіңіз. Құтты креслоңыздан қотарып алып тастағысы келгендерге: «Қызмет деген Төлегеннің көкжорғасы. Ертең бір Бекежан шығып мінеді де кете барады. Алам десеңдер, таласпаймын!» деген кесімді сөзіңіз де ел есінде. Қазір соны ұғар шенеунік жоқ. Ойлары әлі сол, ортағасырлық теңіз қарақшыларының санасы дәрежесінде тұр. Түк өзгермеді, Шер Ата. Жер мен көкке көк тиында пайдасы жоқ жиындарда, көкірегіне мың салпыншағын іліп алып, сөлкебайларын сүйретіп жүрген атқамінерлер көбейді. Көздерін киіз шормен таңып алған. Балапандарын көлбегейлеп жүрген аналарға көлгірсіп сөйлейді. Бір аяғы төрде, бір аяғы көрде жүрген қариялар әкімдердің есігін еңкейіп ашып, ішіне ентелей кіріп шындықты шыңғыртып айтып жатса «...есі ауысқааааааан деп...» күледі. Бұл мәселені сіз де Камал атама жазған хатыңызда айттыңыз. Бірақ баяғы жартас сол жартас. Шер Ата-ау, қариясын қадір тұтып, анасын ардақтаған ел едік қой. Ез боп барамыз...

Ердің жасы елуге келген ағаларымыз қыз қырқынның қызығын қыршып, саунадан «саумал» ішкенін мәртебе көреді. Бата бер десең тілек айтып, тілек жаудыр десең қолын жайып бата береді. 
Шер Ата, бата мен тілекті ажырата алмайтын ағалар көбейді. Олар ертең қандай қария болады?

Ата-бабамыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен сақтап қалған Жер Анамыздың көйлегі жыртылып, көрінген көз сүзіп, омырауы мен балтыры айғыз-айғыз болмақ түгілі, желпілдеген жезөкшенің күйін кешіп отыр. Кезінде битін сығып, қанын жалап отырған қарақытай ұрығын шашып жатыр. Жер Анамыздың жатырына жүз жылдық емес, мың жылдық жара түсті.

Шер Ата, өзіңіз шет жағасын көріп кеткен әлеуметтік желіні қадірсіз қаруға айналдырып, желін шығарып жатыр. Асыра діншілдер ноқталап мініп алды. Ұлттық нигилистер бір оқ шығармай ұлт санасын улап, шын имандарын тонап жатыр. Қазақ деген халықтың түп қазығын суырып, кіндігін үзіп тастағысы келеді. Ақылын – айран, ойын – ойран қылды. Қазір сіз ортамызда болып ойыңызды, ішкі шеріңізді шығарып бәрін жазсаңыз айлап, жылдап парақшаңыз бұғатталып тұратын шығар.

Шер Ата, өзіңіз зарлап айтып кеткен жемқорлық, ұрлық-қарлық, парақорлыққа халықтың еті үйренді. Камал атама жазған хатыңызда Шекспирдің мына бір даналығын тілге тиек етіп едіңіз: «Қылмысты алтынмен көмкеріп қойсаң, Заңның найзасы майысып қалады». Расында, заңның найзысы майысқақ мемлекеттің іргетасы бекем бола қояр ма екен?! Мына бір қадап айтқан мысалыңыздың да тіл ұшына келіп тұрғанын қараңызшы: «Өрмекшінің торына түссе – шыбын-шіркей ғана түседі. Ал ара, сона дегендер ол торды елең қылмай бұзып кете береді». Сол торды елең қылмайтындар қара халықты алтын сандықтың үстінде жалаңбұт отырғызып, кілтін бермей отыр. Ал өздері аюдың аузында жүріп, бүйіріне айдаһардың тісі батып жатқанын сезбейді.

Шер Ата, бүгінде Америкаға ағылып, Еуропаға ентелей көшіп, Арабстанға асығып жүрген қазақ көбейді. Шет мемлекетте жүріп көп нәрсені байқадым, ойға түйдім. Олар ақшаның зары, тамақтың қамымен кетіп жатқаны бесенеден белгілі ғой. Ертең осы қандастарымыз 30-40 жылдан соң еліне өте парасатты, білімді, салт-дәстүрін жоғалтпаған, білікті маман болып оралатынына бек сенімдімін. «Олар қайта оралады!» деген сенім мына бір оқиғадан соң пайда болды. АҚШ-та жүргенде 10-20 жылдан бері сол жерді паналаған қазақ отбасыларымен таныстым. Балаларына ана тілінен сабақ бердім. Ата-ана сәбилерінің америкалық болып бара жатқанына алаңдайды, қорқады. Көбісі ұрпағымның болашағы үшін түбінде елге ораламыз деп кесіп айтты. Ішкен су, жұтқан ауа, жеген ас, басып жүрген топырақ та адамның физиологиясы мен түр-сипатына қатты әсер етеді екен ғой. Балапандар қой көзді, бидай өңді, қара домалақ қалыптан тайып барады. Бірақ мені алаңдатаныны бұл емес. Ойлантатыны, ширек ғасырдан соң Қазақстан қандастарымыздың үшінші көшін қарсы алуға қауқары жете ме? (Алғашқы көш кеңес үкіметінде болды. Екінші, Тәуелсіздік алған соң Елбасының тікелей тапсырмасымен болған көш) Әлде, қазіргідей зар жылатып қоя ма? Міне, Шер Ата, менің уайымым осы.

Шер Ата, сізге жазған бұл хатым шерлі де зарлы, мұңды да қайғылы болды. Кешірім сұраймын. Ауруымды жасырғым келмейді. Қазір қазақ даласы Шыңғыс ханның жорығы таптап өткендей көріністе тұр. Әр қазақстандық мойнына қарыз қарғыбауын тағып алды. Қарыз-қарғыбауы тартылған сайын түншығып жатырмыз. Білгіштер билік пен экономикаға реформа керек дейді. Бірақ өзіңіз шегелеп айтып кеткендей біздің санамызға реформа керек. 
Шер Ата, осы хатым сізге жеткен болса Камал атама да оқытыңызшы. Көрсін. Ол кісіге де хат жазып жатқанымды есіне салып қойыңызшы. Алдағы күндері жөнелтемін.
Шер Ата, менде ет пен сүйектен жаралған жанмын ғой. Үміттенемін. Үміттенеміз. Өйткені біз, Ұлы Тәуелсіздіктің құрдасымыз. Қазақстанның сүйем-қарыс жерінен алтын ағып, күміс тамшылап оған тек біздер ғана шомылып рахаттанып жатқанымды елестеттемін. Түсімде Әрбір түйір көкөнісі мен жидегінен сыңғыр-сыңғыр теңге сауылдап жатқанын көремін.
Шер Ата, келесіде кілең қасіретті емес, жарқын-жарқын жақсылықтарды жазуға уәде берем. 
Сау болыңыз!"
Сәлеммен балаңыз, Тәуірбек,
Атырау қаласы, Дендер ауданы.
6.10.19 жыл, түнгі сағат 4:05