Саясат
Мәселе
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінде өткен елорданы одан ары дамыту мәселелері жөніндегі мәжілісте қалада есірткі қылмыстары көбейгеніне тоқталып, "Сергек" жобасы қоғамдық қауіпсіздікті арттыру үшін толық көлемде пайдаланылмай отырғанын айтты.
Президенттің айтуынша, Нұр-Сұлтанда ашылған есірткі қылмыстары жеті пайызға артқан.
– Елордада беті ашылмаған есірткі қылмыстары жеті пайызға артқан. Мен жолдауымда есірткі таратумен және сатумен айналысатын тұлғаларға қатысты қылмыстық жауапкершілікті күшейту қажеттігі туралы айтқан едім. Таяу уақытта үкімет депутаттық корпуспен бірге заңнамамызға тиісті өзгертулер енгізеді деп күтемін, – деді Қазақстан президенті.
Жиын барысында Тоқаев Нұр-Сұлтанда жол-көлік апаттарының саны көбейгенін, қоғамда қызу талқыланған "Сергек" бейнекамераларының қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін емес, көлік жүргізушілерден айыппұл өндіріп алу үшін ғана қолданылып отырғанын айтты.
– Жол-көлік апаттарының саны 15,5 пайызға, олардан зардап шеккендер 42 пайызға көбейді. Автокөліктерді ұрлау 20 пайызға артты. Дабыл қағарлық деректер. Құқық қорғау органдары жағдайды жақсарту бойынша қажетті шараларды қабылдауға міндетті. "Сергек" жобасы қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыру үшін толық көлемде пайдаланылмай келеді. Көлік жүргізушілерден айыппұл өндіріп алуға ғана басымдық жасалып отыр, – деді Тоқаев.