Woman

Темекіңді тасташы, бойжеткен!

Тап-таза тәнін темекі түтінімен толтырып не тапты?! Түйерім, "тыйым"!

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бала күнімде анам "шылым тартатын албастыларға жоламашы" деуші еді. Сол сөзі санамда сақталып қалғаннан ба, әйтеуір, "темекі" деген атау тек ерлерге тән деп ойлап келдім. 

Уақыт олай емес екенін айқын көрсетті. Кез келген бұрышта қаракөз қыздарымыз түтіндетіп тұратынына таңқалмауды заман ұқтырды. Осыншалық дәрежелерін түсіруге не себеп болды екен? Әлде аналары темекісін тоқтата алмай дарға асылды ма? Әкелері шайтанның суын ішіп алып, балғадай болған қолдарымен нәзік денелерін көгертті ме? Бәлкім, шын сүйіп қалдым деп жүрген азаматсымақтары орта жолда тастап кетті ме екен? Мүмкін, екі қолға бір күрек таба алмай, қарызданып қауғаланып жүргеннен стреске түсіп кеткен бе? Жоқ, бұлар әлде осы бір нәрсені сән көріп жүр ме?

Ех, санамда сан сұрақ сайрап жатыр. Қайтейін, өзім де қылықты қыздарды жамандыққа қыймағасын, түрлі сылтау тауып бергім келеді. Әттең, бәрі бекершілік. Осынша себептердің бірі бар болса, ел бетінен жасқанушы еді ғой. Ал, олар ешкімнен ұялмастан жарқыратып тұрып шегеді ғой, шіркін! 

"Сіңілім, бәлкім әпкетай, жоғарыда мен тізбектеп кеткен мәселенің бірі сенде болса, өтінемін тасташы сол хайуани әдетті! Оның бәрі шешіледі, тек андағы темекіңнен келген зиян ешқашан өкпеңнен өшпейді! Өткеніңе өкінбес үшін, бүгінгі күніңді бұлыңғыр етпе! Болашақта балаңның алдында көз жасыңды көл қылғанша, бойыңды да, ойыңды да дәл қазір түзе! " - деп айызын қандырып айтайын десем, бұл жазбамды оқитын темекі шегуші қыз жоқ шығар.

Қайран әкелерім. Асқар таудай биік болып көрінетін қастерлі азаматтарым. Бәлкім көбіңнің, не бірнешеуіңнің қасықтап жиған абыройыңды қыздарың өздеріңнен алшақта ақырын-ақырын төгіп жүр-ау. Қайтейін, жаныма батады көзім түсіп кеткен соң бір керілген киіктің лағына...

Байқашы, бойжетті ғой бойжеткенің...