Спорт
Дәрігерлер екі боксшының денсаулығы туралы айтты
The Athletic-тің дереккөзі Майк Коппинджердің айтуынша, жекпе-жектен кейін Деревянченко мен Головкин Bellevue Hospital Center ауруханасына жеткізілген. Бұл АҚШ-тағы ең ескі госпитальдардың бірі. Боксшылар ауруханадан жергілікті уақыт бойынша 6 қазан, жексенбі күні таңертең шыққан.
Дәрігерлер украиналық спортшының оң көзіндегі жарақатын таңып берген. Кейін оған МРТ жасалды. Тексеріс қорытындысына дәрігерлер алаңдаушылық білдірген жоқ. Деревянченконың жарасына он тігіс салынған. Ол таңғы 5:30-да медициналық орталықтан шықты.
Головкинге де магниттік-резонанстық томография жасалды. Жерлесіміз ауруханадан түнгі үш кезінде шыққан.
Еске сала кетсек, 5 қазан күні қазақстандық және украиналық боксшы Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында кездесу өткізген болатын. Қос боксшы арасындағы жекпе-жек 12 раундқа созылды. Геннадий Головкин (39-1-1, 35 КО) украиналық Сергей Деревянченконы (13-1, 10 КО) жеңіп, IBF және IBO титулдарына ие болды.
Кездесуден кейін екі боксшы да ауруханаға жеткізілді.