Bugin
Мұратғали Әкетайға ұқсайтын адамның анайы видеоға түсіп қалған сәті желіде тарап кеткен еді
Ал Мұратғали Әкетайдың ағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед болса, бұл анайы видеоны тапсырыс деп отыр әрі оны түсірген адамға қатысты қылмыстық іс ашылғанын жеткізді.
- Біріншіден, ол елуге келген азамат. Өмір бойы құқық қорғау саласында қызмет етіп келе жатқан азамат. Өз сұрағына өзі жауап беруі керек. Менің бірге туған он бауырым бар. Оның әрқайсысы үшін сұраққа жауап беріп тұрсам, уақытым жетпеуі мүмкін, - деді сөз алдында Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Ал сұрақтың тоқетеріне ауысқан ол әлеуметтік желіні аралап кеткен видео жалған екенін, інісінің бұл ұятсыз видеоға еш қатысы жоқ екенін кесіп айтты.
- Әрине, бұл тапсырыспен жасалған оқиға. Жасы елуге келген, төрт бірдей баласы бар, қазақи дәстүрде тәлім-тәрбие алған, имандылық жолындағы азамат. Сондықтан, мұндай фейк видео тарату деген сөз -қылмыс. Ол полицияға, прокуратураға тиісті мәлімдеме жасап, қазір тергеу ісі басталды. Нәтижесін күтейік. Мен бұның тапсырыспен жасалған шаруа екендігіне 100 пайыз сенімдімін, - деді ол.
Мұхтар Құл-Мұхаммед «бұлай істеу кімге керек болуы мүмкін» деген сұрағымызды жауапсыз қалдырды. Естеріңізге сала кетейік, Сенат депутаты Мұхтар Құл-Мұхаммедің туған бауыры Мұратғали Әкетай Павлодар облысы қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы. Өткен аптада әлеуметтік желіде Мұратғали Әкетай бейнеленген деген анайы сипаттағы видео таралған еді.