Саясат

Суханбердиеваға қатысты қосымша деректер шықты

Бұрынғы вице-министрдің былығы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі астаналық мұғалімдер арасында түсіндіру жұмыстарын бастады. Негізгі мақсат – жемқорлық әрекеттердің алдын алу. Бүгінгі жиында бұрынғы вице-министр Эльмира Сұханбердиваның қылмыстық ісі бойынша арнайы баяндама жасалды.

Агенттіктің тергеушісі Ринат Аймұқановтың айтуынша, №3 мектеп гимназиясында жекеменшік мектепті заңсыз ашу бойынша санитарлық-эпидемиологиялық тексеріс жүргізген. Бұдан бөлек, өрт қауіпсіздігі қызметі өз сараптамасын жасаған.

"Мәселен, 40 кабинеттің 10-ы жекеменшік мектепке арендаға берілген. Оған қоса, 5 кабинетте ара-тұра сабақ өткізілген. Осылайша, барлық оқу кабинеттерінің 20 процентін жекеменшік мектеп пайдаланған. Сосын білім беру мекемелеріне қатысты санитарлық-эпидемиологиялық нормалар бұзылған. Оқушылардың саны тым көбейіп кеткен. Ал мемлекеттік мектепке барып жүрген балалар жертөледе оқуға мәжбүр болған", - деді Аймұқанов мұғалімдермен болған кездесуде.

Оның сөзіне қарағанда, бастапқы әскери дайындық пен ұлдарға арналған технология пәндері жертөледе ұйымдастырылған. Ал бір сыныпта отырған балалардың саны 30-дан асып кеткен.

"Сосын өрт қауіпсіздігі бойынша біраз тәртіп бұзушылық болды. Атап айтқанда, жекеменшік мектеп үшін кабинеттер қайта жабдықталған болатын. Соның бәрін құзіретті мемлекеттік органмен келіспеген. Үш жылдың ішінде біраз ана-атана осы мемлекеттік мектепке өз баласын бергісі келген. Бірақ басшылық орын жоқ деп айтып отырған", - дейді Аймұқанов.    

Суханбердиева мен Шевернияева қылмысты қалай жасады?

Қылмыстық материалдарға сәйкес, бұрынғы вице-министр Эльмира Суханбердиева №3 мектеп гимназиясының бұрынғы директоры Елена Шеверняевамен бірге заңға қайшы әрекет жасаған. Олар дәл сол мектептің ғимаратында "Центральная" атты жекеменшік экономикалық мектеп ашқан. Соның салдарынан мемлекеттік мектепте орын азайып, басқа балалар оқуға қабылданбады.

"2016 жылы шілде айында сол кездегі Астана қалалық білім басқармасының басшысы Сенғазиев Шевернияеваны шақырып, жекеменшік мектепті басқа жерге көшіріп, босаған орынды №3 мектеп гимназиясы үшін пайдалануды ұсынған. Шевернияева оны бірден Суханбердиеваға жеткізген", - делінген материалдарда.

Содан Суханбердиева өзінің қызметтік өкілеттігін пайдаланып, Сенғазиевпен сөйлесіп, жекеменшік мектепке тиіспесін деген. Сенғазиев вице-министрден аяқ тартып, аталған мәселені ары қарай көтермеген.

Вице-министр мектепті басқаруға қалай араласты?

2019 жылдың басында Суханбердиева сенімді адамдары арқылы жекеменшік мектептің жұмысына араласа бастайды. Ал Шевернияева вице-министрдің қолдау жасайтынын біле тұра, "Центральная" мектебінің ұйымдастыру формасын ауыстырып, жауапкершілігі шектеулі серіктестік ретінде құруды ұсынады. Суханбердиева аталған ұсыныспен келіскен. Осылайша, екеуі ЖШС-ны бірге басқаруға, табысты бөлуге және инвестицияны бірлесіп салуға уағдаласқан. Суханбердиева мемлекеттік қызметін пайдаланып, жекеменшік мектепке қолдау жасауға келісімін де берген.

Суханбердиева мен Шеверниява ЖШС-ның құрылтайшысы ретінде өздерін емес, туған-туыстарын рәсімдеуге уағдаласқан. Сөйтіп, жекеменшік фирманың құрамына Суханбердиеваның туған апасы және Шевернияеваның анасы енді. Бұдан бөлек, екеуі жекеменшік мектептің жаңа ғимаратын алу үшін  ЖШС есепшотына 154 миллион 523 мың 400 теңге салған.

Соттың шешімі

2019 жылдың 10 шілдесінде Эльмира Суханбердиева мемлекеттік мектепте жекеменшік білім беру мекемесін ашып, кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны үшін кінәлі деп танылды. Тергеу кезінде Суханбердиева мен Шевернияева кінәсін толығымен мойындап, өз еркімен процессуалды келісімге келді. Прокурор вице-министрге 2500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (6 312 500 теңге), ал Елена Шеверняеваға 500 АЕК мөлшерінде (1 262 500 теңге) айыппұл салуды ұсынды. Бұдан бөлек, жекеменшік мектеп директорының кабинетінен тәркіленген 11 475 300 теңгені мемлекет меншігіне алып қоюды сұраған. Судья Бақытжан Есенов прокурордың талабын қанағаттандырды. Суханбердиева мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.

Журналистерге сұхбат берген бұрынғы вице-министр тергеу абақтысында отырғанда кітап жазып шыққанын мәлімдеді. Ал 16 күннен кейін Эльмира Суханбердиеваның әріптестері мен блогерлер бұрынғы вице-министрдің кенже ұлы қайтыс болғанын хабарлады.

sputniknews.kz