Экономика
Өзбекстан жылына 1,2 миллион тонна мақта талшығын өндіреді
Мұны Өзбекстанның сауда министрі Сардор Өмірзақов мәлімдеді. Ол Жапонияның Nikkei Asian Review басылымына берген сұхбатында өзбек елі мақта мен астық өнімдерін қайта өңдеп, өздері шетелге тауар ретінде қосымша құн салығымен сатқысы келетінін жеткізді.
Ал мақтаны шикізат күйінде тек АҚШ пен Қытайға ғана экспорттауды жоспарлап отыр. Болжам бойынша, биыл өзбек тоқыма өнімдерінің экспорты 2 миллиард долларға, ал 2025 жылы - 8 миллиард долларға жетеді.
Nikkei Asian Review француз ғылыми-зерттеу институтының мәліметтерін жариялап, 2018 жылы қытай инвесторлары 786 өзбек компаниясына қаржы құйғанын, ал Жапония бар-жоғы 17 компанияға ғана инвестиция салғанын жазды.
Соңғы жылдары Өзбекстан біртіндеп шетелге мақта талшығын жеткізуді азайтқан. Статистикаға сәйкес, 2010 жылы Өзбекстан 1,5 миллиард долларға мақта шикізатын экспорттаған. 2015 жылы бұл көрсеткіш 736 миллион долларды, ал 2018 жылы 222 миллион долларды құрады.