Саясат

Қазақ спортын басқарып отырған миллионерлер немесе билік-бизнес байланысы қандай?

Спортқа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын кәсіпкерлер спортты басқарып отыр

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жақында Қазақстан бокс федерациясын 10 жыл басқарған Тимур Құлыбаев қызметінен кеткен еді. Оның орнына Иманғали Тасмағамбетовтың күйеу баласы Кеңес Рақышев келді. Оны бұл қызметке ұсынған – Құлыбаевтың өзі. Екеуін де байланыстыратын бір нәрсе бар: ол – байлық, екеуі де мультимиллионер.


Тимур Құлыбаев бокс федерациясын ғана емес Ұлттық Олимпиада комитетін де басқарып отыр. Сондықтан, ҰОК құрамына кіретін олимпиадалық спорт түрлеріне бюджет қаржысын бөлуде тізгінді тең ұстау үшін федерация басшысы қызметінен кеткен көрінеді.

- Өздеріңіз білесіздер, мені Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті қызметіне қайта тағайындады. Спорт туралы қабылданған заңдағы өзгерістерге сәйкес, ҰОК бюджет қаржысын олимпиадалық спорт түрлері арасында саралауға сәйкес үлестіреді. Бұл жұмыс бір жылдан бері іске асуда, сол себепті, тараптардың кикілжіңге келмеуін ойлап, Қазақстан бокс федерациясының президенті қызметінен кету туралы шешім қабылдадым, - деді Тимур Құлыбаев.

Жалпы, неге екені белгісіз әкім-қаралар мен министр-миллионерлердің спорт федерацияларын басқаруы елде әдетке айналған. Құлыбаевтан бөлек премьер Асқар Маминнен тартып бірқанша министрлер, әкімдер спорт федерацияларының тізгінін ұстап отыр. Атап айтқанда:

ҚР Хоккей федерациясының президенті - премьер министр Асқар Мамин;

Қазақ күресі федерациясының президенті - ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев;

ҚР дзюдо федерациясының президенті - Бас прокуроры Қайрат Қожамжаров;

Жауынгерлік өнер ассоциациясының президенті - ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов;

ҚР футбол федерациясының президенті - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің бұрынғы Басшысы (былтыр зейнетке шықты) Әділбек Жақсыбеков;

ҚР жеңіл атлетика федерациясының президенті - Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов.

Бұлардан бөлек, ҚР ауыр атлетика федерациясын басқарып отырған Жанат Түсіпбеков, ҚР теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов, ҚР күрес федерациясының басшысы Сауат Мыңбаев мырзалардың да спортқа қарағанда билік пен бизнеске жақын екенін жұртшылық жақсы біледі. Тіпті күні кеше ғана Тимур Құлыбаевтың орнына бокс федерациясының басшылығына келген Кеңес Рақышев та елге белгілі бизнесмен.

Енді сұрақ, спортқа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын осы басшылар өзі басқарып отырған федерацияның дамуы үшін үлес қоса алма ма? Мысал үшін айтайық, өмірі жұмсақ креслода отырып келе жатқан Даниал Ахметовты жеңіл атлетика саласы үшін таптырмас маман деу қиын. Сол секілді Әділбек Жақсыбековтің да алған білімі мен еңбек жолы футболға мүлде қатыссыз.

Дәл осы аюға қой бақтыратын қылығымыз қазақ спортының дамуына тұсау болып келеді. Бұған қоса, спорт саласындағы жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа да осы министр-миллионерлердің жауапкершілігі бар. Спортты қосымша кәсібіне (табыс көзіне) айналдырған шенділердің федерацияның суымен кіріп, отымен шығуға ынтасы да, уақыты да жоқ екені сөзсіз.

Сол үшін спорт федерацияларын әр саланың өз маманы басқарса оң болар еді. Кәсіптік маман өз ісін жақсы біледі. Бұған қоса, өзінің сүйікті кәсібіне жанашырлық танытатыны тағы бар.

Abai.kz