Спорт
40 жылдан кейін алғаш рет
Ирандағы әйелдерге қырық жылдан кейін алғаш рет стадионда отырып, футбол ойынын көруге рұқсат алды. Бұған дейін оған заңмен қатаң тыйым салынған болатын.
Бұл заңның өзгеруіне себеп болған оқиға – Сахар Ходайяри есімді әйел жанкүйердің өзін-өзі өртеуі еді. Қыркүйек айының басында Ходайяри ер адамға ұқсап киініп, стадионға кірмек болған кезінде ұсталып қалады. Түрмеден қорыққан ол өзін сот ғимаратының алдында өртеп жібереді. Бір аптадан кейін қыз ауыр күйіктен ауруханада қайтыс болады.
Осы оқиғадан кейін ФИФА бұл тыйым салуды алып тастауды талап етеді.
Бұл тарихи сәт – 10 қазанда Иран құрамасы 14:0 есебімен жеңген Иран мен Камбоджа құрамалары арасындағы матч болды. Футболды көруге әйелдерге рұқсат етілген соң, 3500 билет бірнеше минут ішінде сатылып кетеді.
Матчқа келген әйелдердің бірі - спорт журналисі Раха Пурбахш:
- Мен әлі күнге дейін бұлай болғанына сене алар емеспін. Көптеген жылдар бойы теледидардан ойындарды көріп келген едім, енді міне тура алаңнан тамашалап отыра алатын боламын, - деді ол ойын басталар алдында France Press агенттігіне.
Алайда көптеген әйел жанкүйерлер билеттерді сату шарттары мен әйелдердің стадионда болу жағдайларына қанағаттанбады. Өйткені ойынды тамашалауға келген Мариям Шоджай есімді азаматша әйелдер отыратын сектордың ойын алаңынан алыс, ал ерлер отыратын сектордың жақын екенін айтады.
- 78 мың сиятын стадионнан 3500 орынды ғана әйелдерге беру өте аз. Сыртта қаншама әйел ішке кіре алмай қалды, - деп жазды ол Твиттерде.
Ал үкімет өкілдері мұндай жаңалыққа әлі қоғам дайын емес, сондықтан әзірше аз орын ғана беруге мәжбүр екендігін жеткізді.
- «Азади» стадионының инфрақұрылымы әйелдердің келуіне дайын. Бірақ мәдени және психикалық инфрақұрылым дайын болуы керек қой, - деді үкімет мүшелері.