Weekend
Қауіпсіздік шаралары
Әлеуметтік желі - біздің өміріміздің ажырамас бөлшегі. Ұйқыдан оянған бойда қолымызға бірден ұялы телефонымызды алып тексеретініміз сол WhatsApp, instagram, vk. Кімнің не жазғаны, қандай фото салғаны өте маңызды. Уақытымыздың тіпті қалай өтіп кеткенін байқамай қалып жатамыз. Бірақ, оның қаншалықты қауіпті екенін білесіз бе?
Сіздің кез келген әлеуметтік желіге салған фотоңыз немесе жазған хатыңыз 20-30 жылдай базада сақталып қалады. Сіз телефоныңыздан өшіргеніңізбен, желі иелері оны бәрібір аша алады. Сондықтан өзіңіз туралы артық ақпарат беруден аулақ болғаныңыз дұрыс.
Желіде неше түрлі қылмыскерлер мен алаяқтардың болуы әбден мүмкін. Ешкімге аңқаулықпен картаңыздың артқы сандарын жіберіп қоймаңыз, сол арқылы сіз өз шотыңызды басқаруға мүмкіндік бересіз. Балаларыңызға да сақ болыңыз, әлеуметтік желі арқылы жасөспірімдермен танысып, алдап кеткендер де қаншама.
Тіпті, қазір әлеуметтік желіге суретіңізді жүктегенде де абай болу қажет. Себебі жақында ғана Оңтүстік Кореяның белгілі әншісінің үйіне ер адамның басып кіргені белгілі. Үйдің мекенжайын қайдан таптың деген полицей сұрағына ол ұзақ уақыт әншінің желіге жүктеген суреттерін зерттегенін, тіпті көзінің қарашығына түскен күн жарығынан үйдің нешінші тұрғанын анықтағанын айтты.
Әлеуметтік желі де, ұялы телефонда байланыс құралы. Дұрыс қолдана білген адамға тигізер пайдасы зор. Әрине, барлығы өз таңдауыңыз, алайда қауіпсіздікті қамтамасыз еткеніңіз абзал.