Саясат

Министрлік Бишімбаевтың босап шығуына қатысты пікір білдірді

Бәрі заң шеңберінде болды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың босап шығуына қатысты пікір білдірді.

«Сот шешімі шықты. Жоғарғы сот бұл іске қатысты мән-жайды түсіндірген болатын. Жоғарғы соттың шешіміне қатысты пікір білдіруге құқым да, құзыретім де жоқ. Бәрі заң шеңберінде болды. Қандай нормативті құжаттардың қабылданғаны туралы мән-жайдың бәрі түсіндірілген», - деді вице-министр Үкімет отырысынан кейін тілшілерге берген жауабында.

Марат Қожаев бұрынғы министр пробациялық бақылауда болатынын мәлім етті.

«Әу бастағы үкімге қатысты шағым қаралып, сот отырысы өтті. Сотталу мерзімі менің білуімше 4 жылға дейін қысқарған. Ол мерзімнің үштен екі бөлігін өтеген. Жылдан астам уақыт қалған. Осы мерзімді өтеу оған жеңілдетілген», - деді ол.

Еске сала кетсек, 11 қазанда Шымкент қаласындағы түрмеде жазасын өтеп жатқан Қуандық Бишімбаев бостандыққа шықты. Бұған дейін сотталған министрдің қорғаушысы оның жазасын өтеу тәртібін өзгертуді сұраған болатын. Еске сала кетсек, былтыр наурыз айында бұрынғы ұлттық экономика министрі мен осы іске қатысты өзге де айыпталушыларға үкім шыққан еді. Сот үкімімен Қуандық Бишімбаевтің мүлкі тәркіленіп, 10 жылға сотталды. Сонымен бірге, ол өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Биылғы 4 қаңтарда Қуандық Бишімбаев Шымкенттегі қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесіне ауыстырылған еді.

inform.kz