Weekend
Тоқтарбеков Бекзат жыр дәптерінен
Жалқау жаңбыр таң атқаннан жауып тұр,
Шалшық суға қалса-дағы тойып қыр.
Ала таңнан кәрі төбет ұлиды,
Неге ұлиды жағын ғана қарысқыр.
Неге ұлиды кісі өлімін шақырып,
Кімді қояр қайғы шерге матырып.
Төбетіме атам ұрсып қояды,
Ашуланып қайта-қайта ақырып.
Ит сезеді әлде қасқыр иісін,
Ол да малды торып жүр ғой күні үшін.
Апам ғана жорымайды жаманға,
Төбетімнің ұлысы мен үрісін.
Күңіреніп күз жетеді қыстаққа,
Қыста таяу ала-тұғын қыспаққа.
Қой қайырып келе жатыр қойшы ағай,
Мініп алып күрең төбел күшті атқа.
Өлең жазсам өмір жайлы, күз жайлы,
Неге менің жүрегімде мұздайды.
Әр нәрсенің бар да шығар себебі,
Себеп болмай салдары да тумайды.
Қой қиының иісі келіп мұрынға,
Таң атқаннан шәугім басты ызыңға.
Ақ білекке ақ шелекті іле сап,
Апам әне зыр жүгірді сиырға.
Жаңа сауған ыстық сүттен ұрттап ап,
Жалғызсырап мен отырмын жұртта қап.
Дәл төбемнен сусыл қағып барады,
Жылы жаққа жылжый аққан құс қанат.....