Денсаулық

Сақтандыру қорына аудартамын: Біртанов темекі сатушыларға қосымша салық салуды ұсынды

Альтернативті темекінің өзі зиян

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов темекі мен алкоголь өнімдерін сатушыларға қосымша салық салып, одан түскен қаражатты МӘМС қорына аударуды ұсынды.

- Парламентте темекі өнімдеріне қатысты ұсынған өзгерістеріміз ұзақ талқыланатынын сезіп отырмын. Себебі олардың лоббиі айтарлықтай мығым. Қазақстан түгілі, әлемде солай. Дамыған ірі мемлекеттер темекі өнімдерін белгілі бір дәрежеде шектей алмай отырғанда, Қазақстанның Үкіметі мен Денсаулық сақтау министрлігі үшін бұл шаруаны еңсеру тіптен қиын. Сол үшін қоғамның, пациенттік ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың қолдауынан үміттіміз. Парламентке темекі өнімдерін тұтынуды шектеуге, оны одан ары қатаң бақылауға қатысты ұсыныстар беріледі. Нақты осы факторлар халықтың денсаулығына зор әсерін тигізетінін көріп отырмыз, - деді Елжан Біртанов өтіп жатқан Онкологиядағы Дүниежүзілік көшбасшылар саммитінде тілшілердің сұрағына жауап бере отырып. 

Министрдің айтуынша, тәжірибе көрсетіп отырғандай, темекі жайлы жарнаманы шектеу, сөзсіз, тұтыну мен сатылым көрсеткішін қысқартуға зор серпінін тигізеді. 

- Біз әлі де темекі өнімдерінің жарнамалануын шектеуді мақсат етеміз. Себебі, жарнаманы шектеу әсіресе жастар арасында темекі шегу көрсеткішін азайтады. Темекіге келгенде жарнаманың жастарға көбірек әсер ететінін байқадық. Әлбетте, еркін құқықты шектегіміз келмейді. Адамдар айналып келгенде шешімді өздері қабылдауы керек. Десе де, ең маңызды қағидат – шешім ойлы болуы тиіс. Әртүрлі өнім жайлы ақпарат көбірек болса дейміз. Қазір альтернативті темекі өнімдерінің де адам денсаулығына қаншалықты зиян екені айтылып жатыр. Сол себепті, біз бұл мәселені талқылап, ортақ шешімге келуіміз керек, - деді Елжан Біртанов. 

Министр сонымен қатар, үкіметтік деңгейде халық темекіні азырақ шегу үшін нақты қандай қадам жасауға болатынына қатысты болжам жасады. 

- Біріншіден, темекі шегуге тыйым салынатын орындарды көбейту керек. Екіншіден, салықты арттырған абзал. Денсаулық сақтау жүйесін дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы арқылы темекі мен ішімдікке қосымша салықтарды салуды ұсынамыз. Ол салықтан түскен қаражатты «Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру» қорына аудару көзделеді. Көптеген елде мұндай тәжірибе бар. Табак пен алкогольге түскен салықтан бұлардың бағасы қымбаттай түседі де, тиісінше, оны тұтыну азаяды. Онымен бірге, акциздер мен салықтар тікелей халықтың денсаулығына жақсартуға, нақты бағдарламаларға аударылады, - деді ол. 

Еске сала кетсек, елордада Онкологиядағы Дүниежүзілік көшбасшылар саммиті өтіп жатыр. Форум жұмысына Халықаралық обырға қарсы одақ (UICC) президенті, жоғары мәртебелі ханшайым Дина Майред, Қазақстан Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қатысуда.

ҚазАқпарат