Саясат

800 мың теңге: Үкімет жоғары жалақылы жұмысқа қызметкер іздейтінін мәлімдеді

Жұмыс

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Осы мақсатта жаңа құрылым пайда болады деп жоспарлануда. Әйтпесе, қазақстандық аудит саласының әлем түгіл, ел ішіндегі беделі төмен көрінеді. 

Дүниежүзілік экономикалық форумның «Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі» рейтингінде осы салада Қазақстан 2013 жылы – 76-орында болған. Одан бері кері кетпесе, ілгерілемеді. 2014 жылы – 79-орын, 2015 жылы – 74-орын, 2016 жылы – 88-орын. 2017 жылы – 99-орынға түссе, 2018 жылғы рейтингте – 101-орынға дейін құлдырады. 

Осының салдарынан, еліміздегі ұлттық компаниялардың, ірі шетелдік инвесторлардың барлығы дерлік шетелден аудиторлар жалдайды. Отандық аудит компанияларына сенбейді. Нәтижесінде, миллиардтаған доллар қаражат өзге елдерге кетуде.

Мемлекетімізде әртүрлі бизнес салалары өзін-өзі реттеуші ұйымдар құрып алған, мұндай ұйымдар аудиторларда да бар. Алайда олардың әрекеті қаржы министрлігін қайран қалдырып отыр. Осы жылдар ішінде кәсіби аудиторлық ұйымдар (КАҰ) қандай да бір аудиторлық компанияны жауапкершілікке тарту туралы мемлекеттік органға бір де бір рет шағыммен жүгінбеген. 

«Бұл жерде мүдделер қақтығысы орын алуда. КАҰ-лар аудиторлық ұйымдарға сыртқы сапа бақылауын жүргізген кезде олардың кемшілігін анықтап, жөнсіздікке көп жол беретіндерін қудалау туралы мемлекеттік органға шағымдануы керек. Әйтпесе, нарық жетілмейді. Алайда өз мүшелерін сақтап қалу үшін кәсіби аудиторлық ұйымдар арызданудан аяқ тартады», – деп түсіндіреді қаржы министрлігі.

Бұл ретте ондай сапа бақылауы 3 жылда бір рет қана өткізіледі екен. 

«Ревизорлардың» қателігі кесірінен бизнесмендер зардап шегеді. Олар аудиторлар үстінен уәкілетті мемлекеттік органға арызбен жүгінеді. Екі жыл ішінде осындай 28 шағым түскен. Өз кезегінде министрліктің ішкі мемлекеттік аудит комитеті сапасыз аудит бойынша шағым түскенін көрсетіп, оны тиісті КАҰ-ға жолдайды. Осы орайда сыртқы сапа бақылауын жүргізу қорытындысында ұйымдар өз мүшесінің әрекеттерінен «ешқандай бұзушылық таппағаны» туралы қорытынды ұсынып келген. Сәйкесінше, аудиторлық компания үстінен әкімшілік іс қозғалмайды, кәсіпкердің шағымы қанағаттандырылмайды, шығынын ешкім өтемейді. 

Құзырлы орган тексерушілерді есепті уақытылы тапсырмағаны және КАҰ-ға дер кезінде – бір ай ішінде мүше болып кірмегені үшін ғана айыппұлмен жазалай алатын көрінеді. Осылайша, 109 аудит компаниясы жаза тартқан. Олардан 2015 жылы – 4 млн 312,2 мың, ал 2016 жылы – 6 млн 256,9 мың теңге айыппұл өндіріліпті. 

Бұл ретте кәсіби аудиторлық ұйымдардың өз мүшелерінен қанша жарна жинап отырғаны да мәлім болды. 

Қаржы министрлігінің мәліметінше, «Қазақстан Аудиторлар палатасы» КАҰ 2012 жылы – 38 млн 665 мың теңге, 2013 – 34 млн 615 мың, 2014 жылы – 36,6 млн, 2015 жылы – 39 млн, 2016 жылы – 42,8 млн, 2017 жылы – 7 млн 140 мың, 2018 жылы – 7 млн 855 мың теңге мүшелік жарна жинаған. 

«Қазақстан аудиторлар одағы» КАҰ өзі құрылған 2013 жылы 275 мың теңге, 2014 жылы 2 млн 899,5 мың теңге, 2015 жылы 5 млн 529,7 мың, 2016 жылы – 7 млн теңге мүшелік жарна жиған. Оның сыртында компаниялардан кіру жарнасын да алады. Ұйым 2017–2018 жылы министрлік сұранысы бойынша ақпарат бермепті. 

«Аудиторлар алқасы», «Қазақстан аудиторлық ұйымдары мен аудиторлары институты», «Қазақстан аудиторлық ұйымдары мен аудиторларының қауымдастығы» туралы ақпарат ведомствода жоқ. 

Қазақстанда қазіргі кезде 263 аудиторлық фирмаға лицензия берілген. 3 фирма лицензиясынан айырылған, себебі бірі мүшелік жарнаны уақытылы төлемесе, қалғандары ашылғаннан кейінгі бір ай ішінде КАҰ-лардың ешқайсысына мүше болып кірмеген. 

Егер жергілікті аудит саласын жақсартпаса, Үкімет экономиканың инвестициялық тартымдылығын да елеулі түрде арттыра алмайды. Бұл саладағы былықтан әбден шаршаған қаржы министрлігі жағдайды түбірімен өзгертер қадамдарға бел буды. 

Біріншіден, аудиторлық фирмаларға сыртқы сапа бақылауын жүргізетін және аудиторлыққа кандидаттарды сертификаттайтын Бірыңғай орган құрылатын болды. Шенеуніктер мен ревизорлар тарапынан өзара мүдделер қақтығысын болдырмау үшін Бірыңғай органның құрамы практикамен айналыспайтын аудиторлардан тұратын болады. Статистика бойынша бүгінде елімізде 996 аудитор бар. Оның 684-і аудиторлық қызметпен шұғылданады. Шамамен 300-ге жуығы лицензиясы болғанымен, басқа жұмыстармен, соның ішінде кеңес-консультация берумен, ғылыммен айналысады. 

Екіншіден, жаңа орган қызметкерлерінің жалақысын мемлекет төлейтін болады. Бұл жерде практика жүргізбейтін аудиторларға 800 мың теңге, көмекші-ассистентке 500 мың теңге жалақы тағайындалатыны мәлімделді. Болашақта бұл шығын аудиторлық ұйымдарға жүктеледі деп күтілуде. 

Үшіншіден, Бірыңғай орган құрылып, талап күшейтілгеннен кейін отандық аудиторлар алдынан жаңа нарық ашылады. Олар «Астана» қаржы орталығындағы листингтік компаниялар мен соған үміткерлерге міндетті аудит жүргізу ісіне қол жеткізбек. 

Осы мақсатта АХҚО биржасы аудиторлық есептерін өзі мойындайтын жергілікті аудит ұйымдарының тізімін қалыптастырады. Төртіншіден, жаңа орган басқармасына қаржы министрлігі, Ұлттық банк, KASE қор биржасының өкілдері кіретіні анықталды.

inbusiness.kz