Bugin

«Алтын домбыраны» неге Ринат Зайытов алмады?

Талдау

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ринат Зайытов мен құрметтейтін және «Әруақ!» деп бір айғайлап алуым үшін, анда-санда Youtube-тен айтыстарын қарап тұратын ақыным. Иә, ол шынымен де мықты. Ол жасқанбайды, ол турасын айтады. Алайда, кейде ақиқатты тура жеткізудің өзі қателік. Осындай түсінік бар. Жүзі қисық адамға «бетің неге қисық» деп тікесінен айтқан жақсы ма, әлде астарлап жеткізіп, көңіліне тимей, мақтамен бауыздаған жақсы ма?

«Алтын домбыраны» Жансая ханым алды. Қуаныштымын! Құтты болсын. Бұл жерде айтыстағы сөздің мірдің оғындай тиетін тұсы емес, қазақы қасиеттің алға шыққанын аңғаруға болады. Қазақ қашан да қызына төрден орын берген. Әр айтыстан қалмай, елдің мұңын айтып жүрген, қағытпаға әзілге жақын Жансаяға берсе, айып па?! Алсын! Жүрсін көкем берсін. Оған шулап, «Ринат алуы керек еді» деп бас салбыратудың немесе эмоцияға берілудің қажеті жоқ.

Поэзияда «сахна ақыны» және «нағыз ақын» деген түсінік қалыптасқан. Сахнаға шығып, «қазағым менің, қазағым» деп айғайлаған кімге ұнамайды, бәріне ұнайды. Халық поэзияның шыңы осы екен, нағыз ақын осы екен деп түсініп кете береді. Бастысы сөз түсінікті, ұйқасы бар және рухты. Ал нағыз ақын кім? Оның үні сахнада емес, оның үні өлеңінде. Ақынды сахнада тұрып оқыған өлеңі үшін емес, өлеңінде жатқан қиялы мен сезіміне қарай таңдау керек.

Айтайын дегенім мынау, Ринат Зайытовтың айтыстағы өзіндік стилі бар. Ол жақсы. Ол шындықты айтуды, халықты көтере білуді, бір сөзбен айтқан кезде харизманы жақсы меңгерген. Ал егер, Рүстем Қайыртайұлы мен Болатбек Оразбаевтің айтыстағы ұйқастарына, шымыр ойлары мен шашауы шықпаған жұмыр сөздеріне мән берсеңіз, қос қолдып бәйгені соларға берер едіңіз. Бізге ауыр айтылған, астарлы айтылған дүниеге үңілгеннен гөрі, ашық жерде «тарс» етіп айтыла салған дүниеге баға беріп үйренгенбіз. Бұл біздің қателік. Бұл Ринаттың не Рүстем ағаның қателігі емес...

Осыдан 14 жыл бұрынғы бала Ринат пен марқұм Оразалы Досбосынов айтысты. Сонда Ринаттың айтқан теңеуіне ақын осылай жауап берген:

 

Оу, өзіңді қай теңеумен атастырып,
Айттың сен біраз сөзді атап тұрып.
«Жез тұяқ», «қамыс қанат» балаңмын деп,
Айттың ғой тағы бір сөз шатақ қызық.
«Жез тұяқ» дегеніңіз жаман екен,
Жездіөкшемен қалмайық шатастырып.
«Болат тұяқ» дегенді естуші едік,
Саған тізіп берейін атап тұрып.
От орнындай тұяқты тұлпар болад,
Солар жайлы айтсаңшы мақсат құрып.
Ал енді, қамыс қанат дегенің не?
Осындай арзан сөздің керегі не?
«Қамыс құлақ» деген сөз болушы еді,
Көзіңді жеткізейін дерегіңе,
Ораз құсап Ринатжан сөйлеу үшін,
Ауыз әдебиеттің бар керегі не.

Дәулеткерей Кәпұлының сөзінде жан бар: «Ринат – ешкімнің жауы емес. Ол – халықтың ақыны». Алайда, бұл ұрандап шауып, халыққа шындық айттым деп бәсекеге түсетін аламан емес. Бұл – айтыс. Бұл үлкен өнер. Бұл жерде түрің не әуенің не қымбат ағаштан жасалған домбыраң мен киімің өтпейді. Бұл жерде сөзің өтеді. Астарлы ойың, керемет теңеулерің керек. Ал мен өз басым көрермен ретінде дәл осы керемет теңеулерді, керемет ойларды, астарлы әрі сұлу суреттелген кескіндерді Ринат Зайытовтан көре алмаймын, тыңдай алмаймын.

Иә, Ринат Зайытов секілді рухы биік азаматтар халыққа керек. Халықтың мұңын жеткізетін, ашып айтатын адамдар керек-ақ. Бірақ, айтыста «сойып айттым», «шындықты бетке айттым» деп жүлде алып кете салу басқа дүние. Ол жерде әділ қазы бар, ол жерде Жүрсін Ермандай құрметті азаматың отыр. Олар ақымақ емес. Біз естіген дүниені олардың да құлағы естіп отыр.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Алматыдағы Студенттер сарайында айтыс болды. Ринат пен Мейірбек Сұлтанхан айтысты. Жеке көзқарасым, Мейірбек жеңді. Мойындау керек! Алайда, Ринатқа төмен бал көтергені үшін халық қазыларға бөтелке лақтырып, бір шу шығарды. Есіктен кіріп келген Бекболат Тілеуханның мысы болмаса, халық қазылар алқасында отырған Жүрсін ағаны да місе тұтып отырған жоқ.

Айтыс – халықтың мұң-тұқтажын айтатын, жеткізетін, әрі сөз жарыстырып, ой жарыстырып бәйгеге түсетін аламан ортасы. Халық ол жерден демалып қайту керек.

Қорыта айтқан кезде, осы айтыскерлердің шабыттарын да, еркеліктерін де көтеріп тұрған тұғыры биік еркін елдің шаңырағы биік әрі ашық болсын. Аламан сайын арыздана беретін емес, халықтың шүкір дейтін әр күнін, қуанышын айтуға жазсын!

Егер Ринат ағам, шынымен де «Алтын домбыра» үшін емес, Алаш үшін шырылдап жүрген жан болса, оған бәйгенің көнбесіндегі жүлденің құны көк тиын. «Халықтың ақыны» деген атақты алу қандай мәртебе!