Саясат
1916 жылғы көтеріліс
Димаш Құдайберген Қытайдың Фучжоу қаласында өткен "Ұлы Жібек жолы" халықаралық кинофестивалінің жабылу салтанатында қазақтың халық әні "Самалтауды" шырқап, әлем ықыласына бөленді.
Туған жерінен жыраққа, айдауға кеткен жас жігіттің тағдырын баяндайтын бұл әннің үлкен тарихи маңызы бар екендігін айта кеткеніміз жөн. 1916 жылы Ресей патшасы Екінші Николай Бірінші дүниежүзілік соғыс басталған кезде, Қазақстан мен Орта Азиядағы отар елдерден майданға тыл жұмыскерлерін алу туралы жарлық қабылдаған болатын. Яғни, 19 бен 43 жастағы азаматтарды соғысқа солдат қылып әкетуге бұйрық береді.
Ал патшаның бұл жарлығына наразы болған қазақ жұрты жаппай көтеріліп, соңы ұлт-азаттық көтеріліске ұласады.
Самал тау – Солтүстік Қазақстан жерінде жатқан елді мекен. Омбыға қарай айдауға кеткен, шамамен, 25-26 жастағы қазақ жігітінің кіндік қаны тамған жерініп айырылып айтқан мұң-зары халық әніне арқау болып, дүниеге «Самал тау» әні келген көрінеді.
Әннің сөзі:
Самал тау, қайран елім, шалқар көлім,
Не болар солдат болып көрген күнім,
Есіме қайта-қайта түсе бердің,
Кір-жуып, кіндік кескен қайран жерім.
Атты емеспіз, жаяумыз,
Жаяудан да баяумыз,
Он бес күндей жүргенде,
Омбы жаққа таяумыз.
Жасым бар қос мүшелдей, жылым – сиыр
Тағдырдың айдауымен кеттім қиыр
Самал тау, қайран жерім артта қалды
Адасқан өрісінен біз бір үйір
Атты емеспіз, жаяумыз,
Жаяудан да баяумыз,
Он бес күндей (сөтке) жүргенде,
Омбы жаққа таяумыз.
Әке-шешем бар еді,
Жасы жеткен кәрі еді,
Осынау әнге салдырған,
Он алтының зары еді...
Димаш Фучжоу қаласында орындаған әнін алдымен өзінің Youtub-тегі ресми арнасында жариялады.
Ал халық әнін тыңдаған қазақстандық тыңдармандар осындай тарихи әнді орындағаны үшін Димашқа алғыс айтып, қазақ тарихын әлемге танытқаны үшін разылықтарын білдіріп жатты. Ал кейбірі бұл әннің орындалуынан саяси астар іздеп, Қытайда бұл әннің шырқалуы тегін емес дегендей ойлар айтып жатыр.
- Еліміздің тарихы...Осыны елге жеткізіп жүрген мың да бір рахмет Сізге, Димаш, - деп жазыпты Алина Өмірбекова есімді қолданушы.
- Әнімен көкейіндегі көп нәрсені жеткізді жарайсың Димаш, - деп жазды Хантөре есімді қолданушылардың бірі.
- Түсінген адамға бұл әннің сыры мол, - деп жазды Азамат Оразшаев.
- Қытайдың түрмесінде жатқан Қазағымның зарын естігендей болдым. Жүрегім шымылдап, денем түршігіп кетті, көзіме жас келді, - дейді Гүлзира Бекбосун есімді қолданушы.
Осы орайда айта кеткен жөн, "Самал тау" әні қазақ ән мектебінің Алтай-Тарбағатай қазақтары халық әндерінің сазына ұқсайды. Бұл әнді қытай қазақтары әлі күнге дейін орындайды. Солардың бірі - Арай Айдархан.