XIX ғ. аяғы мен XX ғ. басында қазақ даласында Ресейдің саяси партияларының филиалдары ашыла бастады. 1905-1906 жылдары сол кездегі қазақ қалаларында «Кадет», «Народная свобода», «Социал демократтар» және т.б. партиялар ресми түрде тіркеліп, өздерінің үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп тұрған. Ішкі Ресейдегі толқулардың екпіні қазақ қалаларын да шарпып, патшаға қарсы ереуілдер мен шерулер Орал, Перовск, Ақтөбе, Петропавл, және т.б. қалалардағы өнеркәсіп орындарында, теміржол жұмысшылары арасында жиі болып отырды. Назарларыңызға Алаштанушы - Айдын Ырысбекұлының зерттеуін ұсынамыз.
Міне, осындай кезде мемлекеттік Думаға сайлау болатыны туралы заң шыққаны қазақ арасына да жетеді. Өздерін теңгермей, жартыкеш санап жүрген үкіметтің енді елдің басты заң шығарушы органының мүшелігінен орын бермегі қазаққа жақсы жаңалық әкелген хабар еді. Бірақ, жергілікті биліктегілер сайлау науқанын ұйымдастыруды көп уақыт қолға алмайды. Тек, халықтың қысымымен ғана ол мерзімінен әлдеқайда кеш басталады. Тіпті, аумақтық бөлініске келгенде де барынша әділетсіз болады. Мәселен, қазақ даласының Ақмола, Семей, Торғай, Орал губернияларына бөлінген 10 депутаттық мандаттың бүкіл халықтың 70% құрайтын қазақтарға 4-еуін, ал 30% құрайтын орыстар қоныстанған қалаларда 6-уын ғана береді. Осылайша, уақытылы өткізілмеген сайлаудың ұзаққа созылуының кесірінен қазақ депутаттары тым кеш қалып, Думаның жұмысына алғашқы күннен қатыса алмайды. Мәселен, А.Қалменұлы, А.Бірімжанұлы, Санкт-Петербургке Дума ашылғаннан кейін бір жарым ай өткен соң келсе, Ә.Бөкейханұлы оның жабылуына біраз күндер қалғанда ғана жетеді (себебі, Дала генерал губернаторының негізсіз жарлығымен соттың тергеуінсіз, 3 ай Павлодар абақтысында отырды). Дегенмен, қанша жетіспеушіліктері болса да, бұл қазақ даласында демократиялық жолмен өткен тұңғыш сайлау еді. 1-ші Думаға қазақтар арасынан 8 депутат қана сайланды. Соның өзінде де қазақ депутаттары белсенділік танытып, әртүрлі комиссияларға мүше болды. Жоғары білімді заңгер А.Бірімжанұлы – әскери дала соттарын жою жөніндегі заң жобасын жасау комиссиясына енгізіледі. Ол А.Қалменұлы екеуі жоғарғы үкімет орындарына қазақ жеріне қоныс аударушыларды орналастыру барысында заң бұзушылық әрекеттер жасалып жатқаны жөнінде сұрау салады. Патша 1-ші Думаны өктемдікпен таратқанда оған сайланған депутаттар қарсылық білдіріп, Выборг қаласына жиналады. 182 депутат қатысқан бұл оппозициялық жиын тарихта «Выборг үндеуі» деген атаумен қалды. Жиналғандар патшаның әділетсіз шешімін айыптап, оның жүгенсіз істерін әшкерелеуге тырысты. II мемлекеттік Думаға қазақтардан 7 депутат сайланған. Олардың кейбіреулері (Ш.Қосшығұлұлы, А.Бірімжанұлы, Б.Құлманұлы) екі рет сайланды. Ал, Ә.Бөкейханұлы «Выборг үндеуіне» қол қойғандықтан өкімет оны қуғынға ұшыратып, қылмыскер атандырды, ал заң бойынша ол депутаттыққа кандидат бола алмады. Бұл Думада белсендірек болған қазақ депутаттары: Б.Қаратайұлы хат-хабарларды реттеу, ар-ождан бостандығы, ал М.Тынышбайұлы аграрлық комиссияға мүше болды. Яғни, Ресейдің 1-ші және 2-ші мемлекеттік Думаларына қазақтардан бар-жоғы 12 адам сайланған еді
1. Әлихан Бөкейхан-1870 жылы бұрынғы Семей облысы, Қарқаралы уезі, Тоқырауын болысының 7-ші ауылында туған. Орта жүз ханы Бөкейдің ұрпағы. Алаш қозғалысының жетекшісі, ғалым, қоғам және мемлекет қайраткері. Қазақ халқының рухани көсемі, Алаш партиясының және Алаш Орда үкіметінің төрағасы. I-ші Думаға Семей облысынан сайланған. Кадет партиясының мүшесі. Алдымен, Қарқаралыдағы Зариф молда медресесін, оны місе тұтпай қаладағы 3 сыныпты бастауыш мектепке ауысады. 1889 ж. сол қаладағы қазақ балаларына арналған мектепті, 1890 ж. Омбыдағы техникалық училищені бітіреді. 1890-1894 ж. Санкт-Петербургтегі императорлық Орман институтының зкономика факультетін аяқтайды. 1901 жылы Императорлық Орыс Географиялық Қоғамының мүшесі болып сайланады. 1905 жылы қазақ даласында алғаш рет саяси талаптар жасап, 14,5 мың адам қол қойған Қарқаралы петициясын ұйымдастырушысы болды.
2. Мұхаметжан Тынышбайұлы- 1879 жылы бұрынғы Жетісу облысының Лепсі уезіне қарасты Мақаншы-Садыр болысындағы Жыланды тауының етегінде туған. Қоғам қайраткері, қазақтың тұңғыш теміржол инженері, тарихшы ғалым,Қоқан автономиясының басшысы, Алаш Орда үкіметінің мүшесі. II-ші Мемлекеттік Думаға Жетісу облысынан сайланған. 1890 жылы Верный қаласындағы ерлер гимназиясына түсіп, оны алтын медальмен бітірген. Санкт-Петербургтегі I Александр атындағы Жол қатынасының инженерлерін даярлайтын институтқа түскен.1905 жылы осы қаладағы Автономияшылар Одағының I-ші Құрылтайына қатысып, «Қазақтар Һәм азаттық қозғалысы» деген тақырыпта баяндама жасаған.
3. Ахмет Бірімжан-1871 туған. Алаш Орда үкіметінің мүшесі, қоғам қайраткері, Шақшақ Жәнібек батырдың ұрпағы, ағартушы-демократ Ыбырай Алтынсариннің туысы. Екі кластық училищені, 1891 ж. Орынбордағы ерлер гимназиясын күміс медальмен, 1899 Қазан университетінің заң факультетін алтын медальмен бітірген. I-ші және II-ші Мемлекеттік Думаларына Торғай облысы қазақтарының атынан сайланған.Орынбор, Ақтөбе уездерінде сот қызметкері, бітімгер судья болып қызмет істеген. 1906 жылы 2 шілде күнгі Дума отырысында қазақтар арасынан бірінші болып мінберден сөйлеген адам.
4. Сәлімгерей Жантөре-1864 туған, I-ші Мемлекеттік Думаға Уфа губерниясынан сайланған. Кадет партиясының мүшесі, жоғары білімді, Орынбор гимназиясын бітіргеннен кейін Санкт-Петербург университетінің заң факультетін және Москва университетінің физика-математика факультетінде оқыған. Губерниялық земствоның бастығы қызметін атқарған. Өзі Башқұрт жерінен депутат болып сайланса да, туған халқының мұң-мұқтажын қорғауға үлес қосты. Қазақ халқының болашақта орыстанып кетуінен қауіптенген адам.
5. Алпысбай Қалмең- 1860 жылы туған, I Мемлекеттік Думаға Орал облысынан сайланған. Кадет партиясының мүшесі, Орынбор гимназиясын бітіргеннен соң жоғары білім алған, Ішкі Орданы басқару кеңесінің мүшесі болған. Халқының білім алып, отырықшы болу істері оны үнемі толғандырған. Ана тілінде мектептер ашылуын қолдаған.
6. Дәуіт Ноян Тұндыт- 1860 жылы туған, I Мемлекеттік Думаға Астрахань губерниясынан сайланған. Кадет партиясының мүшесі, ауқатты отбасында туып, патша лицейінен білім алған. Кейін жоғары оқу орнын бітірген. Мемлекеттік Дума мүшелерінің тізімінде жер иеленуші деп көрсетілген.
7. Темірғали Нұрекенұлы-1858 жылы туған, II-ші Мемлекеттік Думаға Семей облысынан сайланған. Бастауыш білімі бар, ауқатты отбасынан шыққан.Осы облыстағы Сәйтен әкімшілігінің болысы болған. Думаның мұсылмандар фракциясына енген. Өзі де көкірек көзі ояу, қажылық парызын өтеген, діни сауатты адам екен.
8. Тілеулі Аллабергенұлы-1856 жылы туған, II-ші Мемлекеттік Думаға Сырдария облысынан сайланған.Бастауыш білімді, бай адам болған. Думаның мұсылмандар фракциясының мүшелігіне өткен.
9. Шәймерден Қосшығұлұлы– 1869 жылы туған, I-ші және II-ші Мемлекеттік Думаларға Ақмола облысынан сайланған.Ауыл молдасынан білім алған. Дума мүшелерінің тізімінде ауқатты, бай адам деп көрсетілген.Орыс тілін білмейтіндігі себепті II-ші Думаның ресми тізіміне кіргізілмеген.Мұсылман фракциясында болған. Ел ішінде беделді кісі болып, өз қаражатына мектеп ашқан. Халықты қанаушылықтан, езгіден құтқарудың жолын іздеп, түрлі шараларға барған.
10. Бақытжан Қаратайұлы- 1860 жылы Жайық өңірінің Қаратөбе ауданындағы Ақбақай ауылында дүниеге келген. Әбілқайыр ханның шөбересі. Ол Орынбор гимназиясын бітіргеннен кейін, Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне оқуға түседі. 1890 жылы оны ІІ дәрежелі алтын медальмен үздік бітіреді. Алған мамандығы бойынша Петербургте, Кутаисиде және Орынборда бірнеше жыл тергеуші болып істейді. 1897 жылы туған жеріне қайта оралып, Оралда, Қаратөбеде, Жымпитыда адвокат болды. 1907 жылы ІІ Мемлекеттік Думаға Орал облысынан депутат болып қатысып, жер-су мәселесі бойынша қазақ халқының мүддесін қорғап сөз сөйлеген. 1907-1916 жылдары ағартушылық жұмыстармен айналысып, «Қазақстан» газетін, «Айқап» журналын шығаруға көмектеседі. 1918 жылы облыстық атқару комитетінің мүшелігіне сайланды. Сол жылы наурызда әскери үкімет бүлік ұйымдастырып, облыстық кеңес мүшелерін (ішінде Қаратаев та бар) тұтқынға алды. 1919 жылы 24 қаңтарда Чапаев дивизиясы босатып, кейін ол Орал облревкомының құрамында ұлттар коллегиясын басқарды. 1919 жылы 24 шілдеде Қаратаев Қазақ әскери ревкомының мүшелігіне тағайындалды. 1920 жылы 4-12 қазанда Орынборда өткен Кеңестердің Бүкілқазақстандық І съезіне делегат болды. Мұнда қабылдаған Қазақ АССР-інің еңбекшілері құқығы туралы декларацияның жобасын дайындауға қатысқан. Қазақ АССР-інің заң комиссары болды. Кеңестердің ІІ Бүкілқазақстандық съезіне де делегат болып қатысты.
1934 жылы 74 жасында дүниеден өтті.
11. Бақтыкерей Құлман- 1857 жылы туған, Әбілхайыр ханның ұрпағы, қазақ сұлтаны, қоғам қайраткері. Императорлық Санкт-Петербург Университетінің Шығыс тілдері факультетінде толық оқу курсын өтті, Астрахань губернаторының қарамағындағы Қамыш-Самар қисымының әкімі болған. I-ші және II-ші Мемлекеттік Думаға Астрахан губерниясындағы Ішкі Орда қазақтарынан сайланған. Депутаттардың тізімінде жоғары білімді, шенеунік деп жазылған. Мұсылмандар фракциясының мүшесі. 1903 жылдың 22 шілдесінде ол Ішкі Қырғыз Ордасын басқару жөніндегі Уақытша Кеңесінің кеңесшісі болып тағайындалды.1916 жылы Астрахань губерниясынан қуып жіберіледі, себебі, жергілікті халықты (қазақтарды) тыл жұмыстарынан жалтаруға шақырған.1906 және 1907 жылдары халық таңдауымен екі мәрте Ресей Империясының Мемлекеттік думасына мүше болып сайланады.1917 жылы сәуір айында Ішкі Қырғыз Ордасының барлық бөлімдер мен округтердің болыстық билеушілер өкілдерінің съезінде Астрахань өлкесі қазақтарының (яғни Бөкей Ордасының) комиссары болып сайланады.
12. Молда Тайынұлы– I-ші Мемлекеттік Думаға Жетісу облысынан дәл оның тарайтын қарсаңында сайланған. Сондықтан болса керек, оның есімі ресми тізімге енгізілгеніменен, ол туралы басқа деректер табылмауда.