Саясат
Тек қана пәнді біліп қою – жеткіліксіз
«Тек қана пәнді біліп қою – жеткіліксіз. Мұғалім алдымен өзіне-өзі сенуі тиіс. Ол барлық оқушының оқып, дами алатынына сенуі керек. «Баланың деңгейі осыдан артпайды» деп біржақты бағалауға болмайды. Мұғалім өз әрекеті арқылы оқушыны түсініп, қолдай алатынын көрсете білуі қажет», - дейді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» Дербес білім беру ұйымының Басқарма төрағасы Күләш Шәмшидинова.
Атап өтілгендей, педагогтың мәдени-интеллектуалдық деңгейінің жоғары болуы аса маңызды.
«Мәдени зият деңгейі жоғары мамандар өмірдегі және жұмыстағы қиыншылықтарға барынша мойымай, тиімді шешім қабылдайды. Мұғалімнің өз зияткерлік құзыретін дамытып отыруға мүмкіндігі болуы тиіс. Ол логикасын дамытуға, көшбасшылық дағдыларын қолдануға, инновацияларды шығармашылық жолмен енгізуге мүдделі болуы керек. Өмір бойы білім алу оқушылар үшін ғана емес, ұстаздар үшін де маңызды», - дейді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ төрағасы.
Сондай-ақ, Күләш Шәмшидинова мұғалім өзін тек қызмет көрсетуші ғана емес, оқушының әлеуметтік, мәдени және тілдік тәжірибесін ескеріп, олардың білім алуына оң ықпал ететін өзгерістерді қозғаушы күш ретінде сезінуі тиіс екенін тілге тиек етті.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» еліміздің білім беру жүйесінде жаңартылған білім беру мазмұнын енгізу жауапкершілігін өзіне ала алды. Өздеріңіз білесіздер, 2016 жылдан бері осы мәселеге байланысты бізді көп сынап жатыр. Одан қорқып отырған жоқпыз. Себебі біз өз мамандарымызға сенеміз», - деді ол.
Еске сала кетсек, елордада мыңнан астам педагогтың қатысуымен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ұйымдарының «Мектеп әлемін өзгертетін – ұстаздар» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Онда ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова білім саласындағы басты стратегиялық бағыттардың бірі – «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» тәжірибесін Қазақстандағы жалпы білім беру мектептеріне тарату екендігін айтты. Сондай-ақ, «НЗМ» Дербес білім беру ұйымының басқарма төрағасы Күләш Шәмшидинова қазіргі мұғалімдер қандай болуы керектігін айтты.