Саясат
Елімізде көптеген абоненттің телефон байланысы үзілді
Барлығында бір жағдай – телефон байланысы үзілген. Мектептегі баласымен, балабақшадағы немересімен хабарласа алмаған ата-ана, ата-әжелер сабылып осында жүр. Бұл туралы КТК хабарлады.
Қарапайым тіршілікті қойып, интернетпен бизнес жасап отырған көп адам күнделікті табысынан қағылды. Тұтынушылармен байланыса алмай жұмысы тұралаған.
"Мысалы, мен интернет арқылы клиенттермен сөйлесемін, басқа мемлекетпен, басқалармен скайппен жұмыс істеймін. Бүгін маған бейнеқоңырау соғылуы керек еді. Телефонды тіркеу керек деп келіп тұр. Ал жіберсем, тіркелмей жатыр", - дейді Нұржан Елментаев есімді азамат.
Ал байланысты қалыпқа келтіру үшін небәрі ЖСН нөмірді СМС хабарламамен жіберу керек. Бірақ онысы жұмыс істемей, жұрт тағы әбіргерге түсті.
Оператор өкілдерінің айтуынша, былтырдан бері халыққа абонент нөмірін пайдаланатын телефонымен қоса тіркеу керектігі туралы әлденеше рет ескертілген. Сөйтіп оның бәрі базаға енгізілген. Ал бүгін сол база іске қосылып, тізімге кірмей қалғандары, яғни тіркелмегендері түгел ажыратылған.
Ал салалық министрлік өкілдері мәселенің басқа қырын ашты. Олардың айтуынша, елімізде бір адамның атына бірнеше мыңдаған нөмір тіркелген. Олар операторларына барады да бәрін алып тастап, қолданыстағы нөмірін ғана қалдыру жөнінде өтініш жазады. Сол кезде қалғандары автоматты түрде байланыстан ажырайды дейді.
"Мынадай да жағдайға тап болдық. Бір әйелдің атына 51 мың нөмір тіркеліпті. Ол өз атын ғана қалдырып, қалғандарын алдырып тастады. Олардың бәрі байланыссыз қалды", - деп түсіндірді цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, телекоммуникация комитетінің төрағасы Виталий Ярошенко.
Байланысы ажырағандардың саны шамамен 250 мың адам.