Weekend

Бұл күні костюм-шалбар кигендерді

Өлең ғұмыр

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Киілетін әртүрлі мақсаттармен,

Отыратын сан түрлі жақсы аттармен.

Бұл күні костюм шалбар кигендерді

Барлық адам бағалап асқақ көрген.

 

Күтеді деп ойлайсың жиын кімді,

Тұтады олар ақылсыз киімді үлгі.

Адамға адамдығың емес қазір

Шүберекпен өлшенер сыйың құнды.

 

Жақтырмайды "жақсылар" күйіңді онша,

Ой айту да неліктен қиын сонша.

Көп алдында көсемсіп сөз сөйлеме

Үстіңде қарапайым киім болса.

 

Қос қолың да созылмас сәлемге оңай,

Көкірек те басылмас төмен қарай.

Тәкаппарлық табасы төңкерілмей

Теңдік сақтап тұр екен әлем қалай.

 

Сыйлағанға басымды иіп келдім,

Білейін деп мен де бір киіп көрдім.

Табалдырық маңынан аспаушы едім

Тұғырына шығарды биік төрдің.

 

Той-думаннан мақтау сөз жиып тердім,

Ойыма бір шындықты түйіп келдім.

Рөлін сомдап жүріппін бастан аяқ

Бетперделі алаяқ кейіпкердің.

 

Ой салады өлеңім кімге, қандай

Жалғанда жазығы жоқ жүрме жандай.

Барлығына бас болам деп жүргенде

Барлығына қаларсың үлгере алмай.