Экономика
Қазақстан ай сайын 11 млн теңгеден қағылып отыр
Қазақстанның сауда және интеграция министрі Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда келісімінің кем тұстарын айтып, Ресей үкіметінің Еуразиялық Экономикалық одақ талаптарын орындамай отыр деп айыптауда.
- Ресей Федерациясының көмір тасымалдауға шектеу қоюы Қазақстанның өнеркәсібіне зиянын тигізіп жатыр. Біздің есептеуімізше, Қазақстанның көмір өндірушілері осындай шектеулердің кесірінен ай сайын 11 млн теңге табыстан қағылып отыр, - деп хабарлайды министрлік.
Қазақстан үкіметі шілде айында Украинаға 103,5 мың тонна көмір жібереміз деген жоспарын Ресей 60,2 мың тоннаға дейін қысқартып тастаған. Ал тамыз айында жоспарланған 240 мың тонна көмірдің орнына 80 мың тонна көмір жіберуге ғана квота берген. Ал қыркүйекте 190 мың тоннаның орнына 86 мың тонна, қазан айында 192 мың тоннаның орнына 86 мың тонна көмір жіберуге ғана квота бөліп отыр.
- Көлем азайып кеткендіктен, енді Украина көмір сатып алудан бас тартып отыр, - деп хабарлайды министрлік.
Ал Нұрс-Сұлтан қаласында 15-16 қазан күндері өткен Қазақстан-Ресей үкіметаралық отырыс кезінде Украинаға жіберілетін көмір көлемін 120 мың тоннаға дейін көтеруге келісім жасалған.
- Алайда бұл көлем қазақстандық экспортерлардың шығынын жаба алмайды. Ресей үкіметінің мұндай шектеулер қоюы, біздің ойымызша, анық кедергі келтірудің амалы ғана, - дейді сауда министрі Бақыт Сұлтанов.
Қазір Ресей билігі өз кәсіпкерлеріне де Украинаға көмір сатуға шектеу қойып отыр. Соның кесірінен, Ресейдің өз ішінде көмір көбейіп кетті. Содан Қазақстаннан көмір сатып алуға Ресейден де тапсырыстар түспей отыр.