Саясат

Данияр Әшімбаев: Билікте Тоқаевты Назарбаевқа қарсы қойғысы келетіндер бар

Назарбаевтың сағаты таяп қалды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстандық саясаттанушы Асқар Нұршаның айтуынша, базбіреулер айтып жүргендей, Қазақстанда «қос билік» деген атымен жоқ, ауаны да байқалмайды. Тоқаев пен Назарбаевтың арасында кикілжің бола қалғанның өзінде ол жұмысқа, қызметке, іске қатысты келіспеушіліктер болуы мүмкін. 

Ал былай алып қарағанда, Тоқаев пен Назарбаевтың арасында ашық айқас жоқ.

- Кезінде Путин премьерлікке түсіп, ал Дмитрий Медведевті президент қылып «тағайындаған» кезде де, орыс элитасының арасында екі тұлғаны шағылыстыруға, бір-біріне айдап салуға итермелеген адамдар болған. Сол кезде де екеуінің арасында әлдебір тартыс пен келіспеушілік бар дегендей қауесеттер айтылды. Алайда кейін Путин президенттікке қайта келіп, қауесет жоқ болып кетті. Қазір екеуінен артық тату адам жоқ, - дейді Нұрша.

Саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың ойынша, қазақстандық элита арасында да Назарбаев пен Тоқаевты бір-біріне қарсы қойғысы келгендер бар.

- Мұны пайдаланғысы келетін күштер бар, әрине. Назарбаев пен Тоқаевтың арасында да тактикалық келіспеушіліктер туындайтыны анық. Алайда ашық айқасты көріп тұрғанымыз жоқ. Екінші президенттің саяси-қоғамдық салада өзгерткісі келетін нәрселері бар да шығар. Сын айтатын да болар. Бірақ ол бәрібір бірінші президенттің бағыт-бағдарынан шыға алмайды. Сын тек жұмыс үстелінде ғана айтылады, ары бармайды, - деп түйіндейді ойын Әшімбаев.

Халық қазір өзгерістің болғанын, әлеуетінің жақсарғанын қалайды. Алайда ескілікті қалайтын Назарбаев үшін өзгеріс пен жаңалық көңіліне жақпауы мүмкін. Әрі қабылдамайды да.

-  Сондықтан халық үшін өзгерісті күту ұзақ болмақ, - дейді саясаттанушы.

Алайда саясаттанушы Досым Сатпаевтың айтуынша, Назарбаевтың биологиялық сағаты таяп қалғандықтан, оның билігі ұзаққа бармайды.

- Қазір билік транзиті болып жатқан жоқ. Жартылай ғана жүрді. Транзиттің көкесі Назарбаев саяси өрістен толық кеткен кезде басталмақ. Элитааралық тартыс сол кезде басталады, - дейді саясаттанушы.

Fergananews