Bugin
Ертең
Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары Болат Дембаев Қазақстанда тыйым салынған ҚДТ (Қазақстанның демократиялық таңдауы) ұйымын арандатушы ұйым екенін ескертіп отыр.
- Құрметті азаматтар! Әлеуметтік желіде сотпен экстремистік деп танылған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» ұйымы (ҚДТ) мен оның жақтастары 2019 жылғы 26 қазанда кезекті заңсыз акцияларды ұйымдастырып, қатысуға шақырулар таратуда. Аталған ұйымның мүшелері аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін шетелде сот төрелігінен жасырынып жүр, - деп хабарлайды прокуратура.
Олар тұрғындарды құқыққа қарсы іс-әрекеттерге айдап салып, адамдардың қауіпсіздігіне, олардың өмірі мен денсаулығына, мүлкіне залал келтіру, қоғамның қалыпты тіршілік әрекетін бұзу қауіпін туындатуда.
- Осыған байланысты, мемлекеттік органдар сотпен тыйым салынған экстремистік ұйым бастамашылық етудегі рұқсат етілмеген наразылық акцияларының ұйымдастырушылары мен қатысушыларына заңмен белгіленген тәртіпте қатаң шаралар қолданатын болады, - деп ескертті құзіретті орган.
Заңсыз акцияларға қатысу фактілері расталған жағдайда құқық бұзушыларға қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 488-бабы бойынша жауапкершілік мәселесі қойылатын болады (50 АЕК-ке дейін айыппұл, 15 тәулікке дейін қамаққа алу).