Woman
Қан қысымына қараңыз
Жүкті әйелдің ойында өмірге ұл әкелемін бе әлде қыз ба деген ой болатыны сөзсіз. Оны қалай анықтауға болады? Шіркін, осындайда әжелеріміздің көрегендігіне еріксіз тәнті боласың. Әйелдің ішіне қарап-ақ ұл не қыз екенін айтып береді ғой.
Канаданың ғалымдары әжелер пайдаланатын әдістің басқа әдістерге қарағанда сенімді екенін анықтаған көрінеді. Торонтодағы (Канада) Маунт Синай ауруханасында ғалымдар осы ұлттық әдісті тексеріп, оның шынымен де жұмыс жасайтынын анықтаған.
Яғни, өмірге келетін баланың жынысын жүкті әйелдің ішінің көлеміне, бетінің түсі мен токсикозға байланысты анықтауға болады. Алайда бұл қарапайым болжамға көбірек ұқсайтындай. Сонымен қатар олардың ішінде дәл әдіс те қарастырылған. Сенесіз бе, құрсақтағы сәбидің жынысын анасының қан қысымы арқылы анықтауға болады.
Бұл зерттеу тәжірибесіне 1500 әйел адам қатысқан. Олардың қатарын жүкті емес және жүкті әйелдер құраған. Тәжірибенің ережесі бойынша, әйел адамдардың қан қысымы, холестерин деңгейі, қанындағы қант мөлшері өлшенген.
Зерттеушілер сәбидің жынысының қандай болатыны әйелдің құрсағына бала біткендегі қан қысымына байланысты екенін анықтады. Олардың айтуы бойынша, әйелдің қан қысымы 106 мм болғанда құрсақтағы сәбидің жынысы – ұл, ал 103 мм болса, қыз болатыны белгілі болды.
Ғалымдар зерттеу жұмысының әлі күнге дейін аяқталмағанын да айтып өтті. Бұл – ұзақ әрі нақты зерттеуді қажет ететін негізгі мәселе екені белгілі.
Әдетте, баланың жынысын УЗИ арқылы жүктіліктің 20-шы аптасында, төрт айдан кейін анық білуге болады. Бірақ кейбір ата-аналар ол уақыттың өзін көп көреді. Сондайда әжелердің көмегін жүгінсе болады.