Bugin

Аңшылар: Қытайға киік сатуға рұқсат берген - полицейлердің өзі

Асыл аңды атқан қылмыстық топтың басында полицейлердің өзі тұруы мүмкін

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Аңшылар қауымдастығы Қытайға тонналап ақбөкеннің мүйізін сатқан қылмыстық топты құқық қорғау органдардың өзі «крышевать еткен болуы мүмкін» деп отыр. Мұны Astana TV телеарнасының тілшілері хабарлады.

Браконьерлікке тоқтау қояр шара болмай тұр. Сұғанақ аңшылардың құтырғаны сонша - жақында бір тоннадан аса ақбөкеннің мүйізін Қытайға жібермек болған, 18 адамнан құралған қылмыстық топ құрықталды. Бір тоннадан артық мүйіз жинау бір жылдың жұмысы емес. Сондықтан олар бірнеше жыл бойы киік аулаумен айналысқан көрінеді.

- Браконьерлер табиғат байлығы - киіктерді аулауды тоқтатпай отыр. Алматы облысында ҰҚК қызметкерлері 3 мыңға жуық (!) киікті өлтірген қылмыскерлерді құрықтады. Қаскөйлер заңға сәйкес қатаң жазаға тартылуы тиіс. Құқық қорғау органдары мұндай заңсыз әрекеттерге тоқтау салуы керек, - деген болатын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Ал Аңшылар қауымдастығы болса, мұндай ірі қылмыстық топтардың артында бәрібір құқық қорғау органдары мен мемлекеттік шенеуніктер «тұратынын» айтады. Мәселен, «Охотзоопром» республикалық қазыналық кәсіпорынның қызметкерлерінің өзі «ағайындықпен», «крышевать етумен» айналысады.

- Контрабанда жасаушылардың кейбірі "біреудің қолдауымен, жебеуімен" жұмыс істейді. Олардың «крышевать ететін» - құқық қорғау органдарының өзі, мені кешірсін енді. Тіпті, ондайлардың бірі жоғарыда отырған біреуі болуы да мүмкін. «Охотзоопром» инспекторлары да «жұмылдырылған» болар. Мұндай қылмыстық топтың ешкімге көрінбей жүруі мүмкін емес қой, - дейді "Қансонар" аңшылар қауымдастығының төрағасы Оралбай Әбдікәрімов.