Саясат
Сирияның мұнай орындары үшін тағы "соғыс" басталмақшы
АҚШ Сириядағы мұнай кен орындарын қорғауға ниетті әрі басып алғысы келгендерге жауап беруге дайын, деп мәлімдеді Пентагон басшысы Марк Эспер. Бұл туралы РИА Новости хабарлайды.
Қорғаныс министрлігінің басшысы америкалық тарап мұндай әрекеттерге «байсалды жауап бермек» деп қосты. Эспердің айтуынша, мұнай кен орындары лаңкестік топтар үшін табыс көзі болып кетті.
Министр сондай-ақ, америкалық әскерилер бұл кен орындарына Ресей жағы мен сириялық сарбаздарды жібермеуге ниетті екенін атап өтті.
Бұған дейін Ресейдің Қорғаныс министрлігі АҚШ-тың «Ислам мемлекеті» лаңкестерін жеңгеннен кейін, Сириядан мұнайды өндіріп, оны әкетіп жатқандығын дәлелдейтін ғарыштық ақпараттың суреттерін көрсеткен болатын.
РФ Департаменті «АҚШ-тың әрекеттерін халықаралық мемлекеттік бандитизм» деп атады және АҚШ әскерлерінің Сирияның өзінен көмірсутегі кен орындарын қорғау жөніндегі бірде-бір заңды міндеті жоқ екенін атап өтті.
24 қазанда АҚШ билігі Сирияның шығысына әскерлер мен танктерді жіберуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Бұл әрекетін содырлардың осы аймақтағы мұнай кеніштерін қайтадан басып алуына жол бермеу ниетімен түсіндірді.
Сирия парламентінің халықаралық комитеті төрағасының орынбасары Аммар әл-Асад, АҚШ-тың жоспарларына жауап ретінде, «Сирия өз аумағындағы барлық мұнай кен орындарын ел үкіметінің бақылауына қайтаруға ниетті» деп мәлімдеді.