Саясат
Ол халық қалаулысы болған кезде пайда табудан бұрын қалтасынан біраз қағылған көрінеді
"Кеткен себебім, менің бір жолды таңдауым керек болды. Өзімнің жақсы көретін мамандығым - өнер жолын таңдауым қажет болды. Менің ең жақсы көретін жұмысым - театр, кино. Сол үшін мен келісе отырып, хат жазып, өз өтінішімді білдірдім. Мен өз еркіммен депутаттықтан бас тартамын, босатуларыңызды сұраймын дедім. Бұған түсіністікпен қарады", - деді Асылхан Төлепов.
Өнер мен саясатты қатар ұстаған жас актер негізгі табыс көзім шығармашылық деп отыр. Асылхан халық қалаулысы болған кезде пайда табудан бұрын қалтасынан біраз қағылған көрінеді.
"Мәслихат депутаты болу деген қоғамдық жұмыс. Сен қоғамға пайдаңды келтіресің, қызмет етесің, бірақ айлық алмайсың және премия, стипендия деген сияқты ештеңе жоқ. Керісінше сен өз қалтаңнан шығарып, азаматтық қабылдау күндерін өткізгенде, өзің көмектесіп отыруың керексің", - деді актер.
Айтуынша, қолынан келгенше көмегін аямаған. Жалақысыз еңбек еткен актер отбасымды асырау қиынға соқты деп отыр. Сондықтан ол кино мен театрға қайта оралды.
"Ешқандай өкініш жоқ, сондай үлкен мектептен өткеніме қуанамын және алғысымды айтамын. Қала әкімі болған Бауыржан Қыдырғалиұлы Байбек ағаларымыз бізге үлкен мүмкіншілік берді", - дейді Төлепов.
Бүгінде Асылхан Төлепов шығармашылығына мықтап кіріскен. Бірден түсірілім алаңына аттанған актер бірнеше жобада бой көрсетпек.
Айта кетсек, 2012 жылы шыққан "Жаужүрек Мың бала" атты фильмдегі Сартай батырдың рөлін сомдағаннан кейін танымал болған Асылхан Төлепов 2016 жылы 23 жасында Алматы қаласы Наурызбай ауданының мәслихат депутаты атанған еді.