Саясат
Қорғаныс министрлігі мән-жайды түсіндірді
«Әлеуметтік желілерде және мессенджерде қазақстандықтар «Қазақстанның жаңа әскери туы» бекітілгені туралы хабарды талқылауда. Осыған байланысты менің ұялы телефоныма ашынған азаматтардан хабарламалар түсе бастады. Бұл жаңалықтың жалған екенін жария еткім келеді», - деп жазды Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл Facebook-тегі парақшасында.
Оның айтуынша, ақпараттың бастапқы көзі – «Панорама» басылымы.
«Біріншіден, «Президент құрлық әскерлері, әуе күштері және әскери теңіз флоты үшін бірыңғай әскери тудың дизайнын бекітті және ол елдің барлық әскери бөлімдері мен оқу орындарында пайда болды» деген ақпараттың бастапқы қайнар-көзі «Панорама» басылымы. Ал ол өзін «сатиралық басылым» деп атайды, яғни жазатындары ақиқат ауылынан алыс қонған әзіл-қалжыңдар ғана. Екіншіден, әскери бөлімдер мен әскери оқу орындарында жаңа байрақ пайда болған жоқ, бәрінде қолданыстағы тулары тұр. Үшіншіден, Қорғаныс министрлігі басшылығымен де хабарластым, олар осы күндері ешқандай әскери ту өзгертілмегенін растады», - дейді ол.
Сондай-ақ, бұл ақпаратқа қатысты ҚР Қорғаныс министрілігі Ақпарат және коммуникация департаментінің басшысы Данияр Әлжанов пікір білдірді.
«Бұл – фейк, жалған ақпарат. Рас ақпарат екендігі туралы ешқандай негіз жоқ», - дейді ол.