Weekend

31 қазан күнгі кинопремьералар

Араға 28 жыл салып Джеймс Кэмерон "Терминатор" жобасына оралып отыр

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бүгін прокатқа "Терминатор" франшизасының алтыншы фильмі, Рашид Сүлейменовтың автокөлік айнасын ұрлаушылар туралы драмасы, Аддамстар отбасы туралы мультфильм және басқа да картиналар шықты.

«Терминатор: Бұлыңғыр тағдыр» Терминатор: Темные судьбы» / «Terminator: Dark Fate») [16+]: Танымал франшизаның кезекті эпизоды. Бірақ сюжеттік тұрғыдан кейінгі бөлімдерді мүлдем ысырып тастап, 1991 жылғы екінші серияның тікелей жалғасы деп ұсынылып отыр. Франшизаның құқығын өзіне қайтарып алған Джеймс Кэмерон өзі жасап кеткен бөлімдердегі идеяларға осылайша қайтып оралып отыр.

Сюжетте Сара Коннор болашақтан келген өлтіргіш роботтармен күресін жалғастырады. Басты қауіп Джон Коннорға төніп тұр деп ойлап еді. Алайда Дани Рамоспен кездесіп, оның да адамзат тағдырына маңызы бар екенін біледі.

Басты рөлдерге Линда Хэмилтон (Сара Коннор) мен Арнольд Шварценеггер оралып отыр.

«Айна» («Зеркала») [14+]: Отандық режиссер Рашид Сүлейменовтың қылмыстық драмасы. Фильм идеясы елімізде өршіп кеткен – автокөлік айнасын ұрлау мәселесін сөз қылады. Сюжеттік тұрғыдан марқұм Денис Теннің оқиғасына ұқсастық бар.

Автокөліктердің айнасын ұрлаумен айналысатын қылмыстық топтың бір мүшесі кезекті тонау кезінде көлік иесін өлтіреді. Бұлардың соңына полиция түседі. Қылмысқа куәгер болған қыз өлтірген адамды полицияға айтуды ойланып жүреді. Бірақ тағы бір куәгер айна ұрлықшыларының басшысы екенін ол білмеп еді.

Негізгі рөлдерді Аян Өтепберген мен Ninety One тобының мүшесі Азамат Ашмақын ойнайды. Олардан бөлек Қайрат Нұртас пен Баян Мақсатқызы секілді жұлдыздар да бар.

«Аддамстар отбасы» («Семейка Аддамс» / «The Addams Family») [6+]: Біздің заманымыздың гик-кейіпкерлеріне айналған әйгілі отбасы туралы жаңа оқиға.

Анимациялық картинада өзгелерге ұқсамайтын Аддамстар отбасы туралы айтылады. Әке жауын кезінде ұзақ серуендегенді ұнатады. Ана қара түсті ең ашық түс деп есептейді. Ал балалар үшін мола - ең керемет ойын алаңы. Әже ұйықтар алдында бір-екі тамшы у ішіп алуды әдетке айналдырған.

«Жержаңғақ майының қыраны» («Арахисовый сокол» / «The Peanut Butter Falcon») [12+]: Шайа ЛаБаф пен Дакота Джонсон ойнаған америкалық қызық оқиғалы драма.

Сюжетте Даун синдромына шалдыққан Зак есімді жігіт туралы айтылады. Ол реслингпен айналысқысы келеді. Бірде емделіп жатқан ауруханадан қашып кетеді. Жолшыбай бір қылмыскермен танысады. Ол Зактың арманын орындауға көмектеспек болады.

Бұлардан бөлек «Дитя погоды»жапон анимесі, «Иные» фантастикалық триллері және «Робо» деген орыс отбасылық драмасы прокатқа шықты.