Саясат

Алтын ордаға 750 жыл: Қазақстан мен Моңғолия 2020 жылы аталмыш мерекені тойлайды

Ортақ мереке тойланады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Нұр-Сұлтанда Халықаралық Түркі академиясында Алтын Орда мемлекетінің 750 жылдығына арналған арнайы іс-шара өтті. 

Моңғолия премьер-министрінің орынбасары Энхтүвшин 1990 жылға дейін зерттеу жүргізілмегенін айтты.

«Бұрын саяси  себептерге байланысты зерттеулерге  тыйым салынған болатын. Қазір жан-жақты зерттеулер жалғасып келеді. Өткен жылы Қорғастың экономикалық аймағы бойынша Қазақстанға келіп кеткенмін. Осы жолы ШЫҰ жиналысына қатысуға келдім. Арнайы Түркі академиясының кітапханасына ат басын тіредім. Халықаралық Түрік академиясымен байланысымыз артып келеді. Осы ынтымақтастығымызды әрі қарай дамытсақ, көп жетістіктерге жететініміз анық», - деді ол.

Сондай-ақ, вице-премьер моңғол ғалымдары да Орталық Азия ғалымдарымен жұмысты арттырған сайын нәтижелер арта беретінін айтты.

«Жақында Моңғолияның  Премьер-Министрі ресми сапарымен келді. Ол да 27 жылдан кейін жүзеге асқан сапар еді. Саяси жақындастығымыз да артып келеді. Басқа да салаларды қамту ойымызда бар», - деді ол.

Өз кезегінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев түріктер мен моңғолдардың тарихы бір екенін атап өтті.

«Зерттеулер жүргізіп, алдымызда Алтын Орда мемлекетін бүкіл елге насихаттау мақсаты тұр. Мемлекетімізде құрылған Түркі академиясының орны бөлек. Ондағы мамандар басқа елдердегі әріптестерімен бірге ауқымды жұмыс істеп жатыр», - деді Б.Сапарбаев.

Сонымен қатар вице-премьер Шыңғысханға қазақ елінде қойылған ескерткіш жоқ екенін атап өтті.

«Ұлытауда Жошы ханға арналған кесене бар. Қазір Шыңғысханның ұрпақтарын дүниеге таныту үшін үлкен жоспар құрдық. Оның мақсаты - Жошы хан, Алаша хан, жалпы Ұлытау төңірегіндегі ұлы тұлғаларды әлемге насихаттау. Туристерді тарту мақсаты да тұр. Қарағанды облысының әкімдігімен осы жұмысты атқарып жатырмыз. Негізгі жұмыс келер жылдың көктемінде басталады. Сіздерді атқарылатын жұмыстарға қатысуға шақырамыз. Біз бірігіп, тарихымызды дүние жүзіне таныта аламыз», - деді Б.Сапарбаев.

Айта кетейік, бұл жиынға Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Монғолия Премьер-министрінің орынбасары Өлзийсайханы Энхтүвшин, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, Моңғолияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Лувсангийн Баттулга, Моңғолияның Сыртқы істер вице-министрі Батмөнхийн Батцэцэг, бірқатар ғылыми мекемелердің басшылары, зиялы қауым өкілдері қатысты. 

Сондай-ақ, басқосу барысында Алтын Орда тарихына қатысты бірнеше кітаптың таныстырылымы өтті.