Спорт

Головкиннің бапкері Құлыбаевқа қастандық жасаған

Кәсіпқой бокста қазақтың көк байрағын биікте желбіретіп жүрген Генаның жеке бапкері расында кім? Кенжебаев әлде...?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Күні кеше ғана Қазақстанның бокс құрамасының бас бапкерлігіне сайланған Ғалымбек Кенжебаевты жұрт боксшы Геннадий Головкиннің жеке бапкері (1998-2005) ретінде жақсы біледі. Бірақ, бір қызығы дәл осы жылдары Геннадийдің бапкері ретінде Кенжебаев емес, мүлде басқа есім аталып жүрген.

Бұл туралы журналист Дмитрий Шишкин өзінің Facebook парақшасында жазды. Оның айтуынша, рас, Кенжебаев сол жылдары (1998-2005) Генаның бапкері болған. Бірақ, ол кезде GGG-дің бапкері деп ресми түрде Серік Қалиев аталып жүріпті.

«Анығында, Кенжебаев оның бапкері болды, бірақ, ресми түрде (Геннадийдің жеңісі үшін сыйлықтар мен аталымдарды иемденген) мүлде басқа адам – Серік Қалиев есептелді. Ол – Қарағанды қылмыс әлемінің серкесі еді. Қазір Головкиннің жетістігіне қатысты, тіпті, Қазақстан боксы тарихынан, уикипедиядан, ресми құжаттардан мүлде сызылып тасталды. Әйтпесе, бокс федерациясының вице-президенті және спортшыларды қолдау қорының президенті болған адам».

Бір кездері жай ғана емес, ресми түрде аталып жүрген адамның тізімнен мүлде сызылып тасталғаны қалай? Оның ең негізгі себебі – оның «қылмыс әлемінің серкесі» болғандығында екен. Серік Қалиев 2005 жылы бокс федерациясы президенті болып тұрған Асқар Құлыбаевқа қастандық жасамақ болғаны үшін 25 жылға сотталып кеткен. Содан бері Головкиннің бапкері атағы бүгінгі Қазақстан бокс федерациясының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаевқа қайтарылды деуге болады.

Дегенмен, ресми құжаттардан алынып тасталса да, әйтеуір бір із қалған шығар деп интернетті ақтарып көрдік. 2003 жылы Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті болып тұрған Мұратхан Тоқмәди (айтпақшы, ол да қастандық жасағаны үшін түрмеде отыр) шағын сұхбат беріп, сонда «Егер Головкиннің жеке бапкері Серік Қалиев болмағанда Қазақстан құрамасы штабы масқараға ұшырайтын еді» деген мағынада пікір айтқан. Ал, бұл сұхбат 2003 жылы Головкин алғаш әлем чемпионы атанғанда жарық көрген. Журналист Шишкин Серік Қалиевтің істі болуымен ғана ақиқат ашылды деп есептейді. Ол сондай-ақ, Серік Қалиевке қатысты өзі куә болған тағы бір оқиғаны жазады. Оның айтуынша, сол жылдары Қалиевтің есімі бокс қана емес, қылмыс әлемінде де кеңінен танымал болған. Ал, Ғалымбек Кенжебаев 2005 жылдардан бері ғана Головкиннің жеке бапкері атанып жүр. Ал, бұл жылы Серік Қалиев түрмеге, Головкин кәсіпқой боксқа кетті.

Бір қызығы, 2003 жылы әлем чемпионатындағы жеңісінен соң берген сұхбатында Геннадий Головкин өзінің бапкері ретінде Ғалымбек Кенжебаевты емес, Серік Қалиевті атайды.

Дереккөз: zhasalash.kz