Bugin

«Мәнізоров ісі» бойынша Дос Көшім кімді жауапқа тарту керектігін айтты (хроника-тұжырым)

Біз ұстадық па, соны дәлелдеп шығамыз

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бір биліктегі қос ведомствоның екіұшты ұстанымымен екі оттың арасында қалған Бағдат Мәнізоров шын мәнінде айыпты ма, әлде нақақ құрбан ба?

«Мәнізоров ісінің» хроникасы 

Айдан астам уақыт атышулы «Мәнізоров ісінің» басты кейіпкері Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоров ел ішінде желдей тараған «26-сында ұсталыпты-ұсталмапты» деген сыбысқа Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 27 қыркүйек күні жауап берген еді. Антикоррупция агенттігінің бірінші орынбасары Олжас Бектенов Мәнізоровтың ұсталғанын растап, оның «уақытша қамау изоляторында отырғанын» хабарлаған.

Олжас Бектенов

Артынша қазанның 2-сі күні агенттік төрағасының орынбасары Бектенов БАҚ өкілдеріне Мәнізоровтың «Қылмыстық кодекстің» 190-бабы (4-бөлім 2-тармағы) «Алаяқтық» айыбы бойынша күдікке ілінгенін мәлімдеді. Сол кезде Время басылымы күдікті шенеуніктің үстінен алғашында «пара алу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, кейіннен «алаяқтыққа» ауыстырылғанын әрі Мәнізоровтың көмекшісі журналистерге оның тергеу изоляторында емес, ауруханада екенін хабарлағанын жариялады. Ал антикоррупциялық бюро «Мәнізоровты үйқамаққа ауыстыру жайлы өтініш жасалғанын» хабарлаған болатын.

28 қазанда Бас прокуратура күдікке алынған шенеуніктің үстінен қозғалған қылмыстық істі тоқтатқаны жайлы құжаттың көшірмесі әлеуметтік желілерде тарады. Онда алдымен қылмыстық істі сұратып алған Бас прокуратура кейін қылмыс құрамы жоқ деген себеппен тағылған айыптар заңсыз екені жазылған.

Бас прокуратураның адвокат Демесіновке қылмыстық істің тоқталғаны жайлы берген хаты

Қазанның 29-ы Бағдат Мәнізоровтың адвокаты Алмас Демесінов қорғауындағы шенеунікке тағылған айып алынды десе, 30 қазан бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов Ұлттық бюро қызметінен ағаттық кеткенін айтып, тоқтатылған қылмыстық істі негізсіз қозғаған және тергеген органға ескерту берілгенін әрі осыған қатысты бірқатар қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді.

Марат Ахметжанов

Алматы облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі дәл сол күні әкім орынбасарының жұмысына оралғанын, қызметтік міндетіне кіріскенін хабарлады.

Алайда агенттікке қарасты тергеу департаментінің басшысы Қанат Сүлейменовтың айтуынша, бюролық ведомство Бас прокуратураның шешімімен келіспейді, сондай-ақ тиісті арыз жолданған. Сүлейменов өз сөзінде «Ал қызметкерлерімізді жазалаймыз ба, жоқ па, ол жағын өзіміз шешеміз» деген болатын:

– Бас прокуратура бізге қызметкерлерді жазалау туралы хат жіберді. Қазір Агенттік басшылығы оны қарап жатыр. Ол арыз қаншалықты негізді екенін және қызметкерлерге тәртіптік жаза қолданыла ма, жоқ па, агенттік басшылығы шешеді. Олар Орталық аппараттың қызметкерлері. Нақты неше адам екенін айта алмаймын, құпия.

Тіпті  бүгін, 31 қазан бірінші тергеу департаментінің бастығы Қанат Сүлейменов «Деректерге сүйенейік. Бізге агенттікке екі азамат келді. Біз олардың шағымдарын Сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай тізіміне енгіздік. Тергеу барысында қылмыстық іс Бас прокуратура қылмыс оқиғасы болмаған жағдайда тоқтауды сұрады. Бүгінде біз бұл шешіммен келіспейміз және Бас прокуратураға қарсы пікір білдірдік», – деді.

Ведомствоаралық айтысқа тұжырым

Осылайша мемлекеттік деңгейдегі күштік құрылымдардың арасында Мәнізоров маңында тайталас жүріп жатқандай. Бұрын-соңды Қазақстан қоғамында болмаған ведомствоаралық айтыс немесе бірін-бірі терістеу қайткенде де жаңа сипат алып, елдің қызу талқысына түсіп жатыр. Мәнізоров ісі айналасындағы ведомствоаралық тартыс тақырыбына байланысты оқиғаның бас-аяғын бақылап отырған қоғам қайраткері, белгілі саясаткер Дос Көшімнің ойын сұрап көріп едік:

- Меніңше, бұл жағдай біздегі қос биліктіктің белгісі емес. Өйткені Мәнізоров соншалық деңгейдегі лауазымды басшы емес қой, - дейді ол.

Аталған жайт мүдделі топтар немесе Ақорда-Кітапхана арасындағы текетірес деген бос сөз. Антикоррупцияық агенттік пен құзырлы органның «жақсы қадамы» сияқты. Әдетте, біздегі мекемелер өзінен жоғары орган не десе ,соған бас шұлғып, үндемей қалатын. Өзінің істеген ісіне жауап бермейтін-ді. «Біз ұстадық па, соны дәлелдеп шығамыз» деуінің өзі Қазақстанда өте сирек құбылыс.

Келесі қадамды агенттік жасап, мәселені қоғамға шығаруы керек.

Мемлекеттік қос тармақтың арасындағы тартыс, әйтеуір, бір тараптың заңсыз әрекет еткенін аңғартады. Демек заңды не агенттік, не прокуратура бұзып отыр. Бұл анық. Мұндай жағдайда қоғамға жүгініп, агенттік «бәлен уақытта ұстадық, мына себепті, дәлеліміз мінекей» дегені абзал, өркениетті, құқықтық елдерге тән дүние бұл. Конституциямызда «құқықтық мемлекет» деп көрсетілгені бар.

Мәнізоровты ұстады ма, ұстаған себептерін айтуға міндетті. Бұған бейжай қарап, прокуратура айттыға еріп қоя салмауымыз керек.

Егер прокуратура айтқандай шенеунік негізсіз ұсталған болса, онда агенттіктің іске қатысты тұлғаларын жақсылап тұрып жауапқа тарту қажет. Ал керісінше болған жағдайда, прокуратура байыбына бармай не әдейі істі тоқтатқаны үшін өздері жазалануы тиіс. Бұл тұста ең маңызды мәселе – жауапқа тарту. Екі тараптың біреуі жауап беруі шарт. Олай болмаса, мұның бәрі – ойын».

Реплика: 10 шілде де ғана облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалған Бағдат Мәнізоров осыған дейін ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызмет атқарған. Алматы қалалық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасын екі жыл басшылық етсе, әр жылдары «Шаған» сауда үйінің президенті, Алматы облысындағы Ақсу және Көксу аудандары мен Алматыдағы Алатау ауданынның әкімі, 2008-2017 жылдар аралығында Алатау ауданының әкімі болды.

P.S.: «Би екеу болса, дау төртеу болады».