Bugin
Поэзия
Бейтаныс қыз!
Сен маған өкпелемеші
Сезімнен жырақтағаным үшін.
Махаббат текке демеші
Бір көріп ұнатпағаным үшін.
Тағдырың көпке төреші
Жазғырма сыр ашпағаным үшін.
Нөмірін көрікті қыздың
Құрбыңнан сұратпағаным үшін.
Налыма өмірге бекер
Қорғаның бол(а) алмағаным үшін.
Жарайды егілме жетер
Қайтадан оралмағаным үшін.
Мұңайма бұл күн де өтер
Жылулық бере алмағаным шын.
Жазықсыз кінәлай көрме
Сертіңе сен(е) алмағаным үшін.
Жаныңа жақын барар ем
Жанымның жанашыры бар.
Сүйіп те қалар ем сені
"Көзімнің қарашығы" бар.
Сырымды ақтарар едім
Жүректің кілті басқада.
Нөмірің шын керек болса
Жазар ем ойып тасқа да.
Қорғаушың болар ем мәңгі
Қорғанмын өзгеге бекем.
Сенімен салар ем әнді
Басқа жан бұлбұлым екен.
Жаныңды тоңдырмас едім
Жылуды сыйлағам жатқа.
Гүліңді солдырмас едім
Бағбанмын басқаша баққа.
Жүзіңе қуаныш тола
Қарадың алғаш сен күліп.
Секундтық сезімге бола
Кетпеймін оны алмастырып.
Өзгеше күн де арманым
Баураса еркін келіп.
Мен сонда кім болғаным?
Тұрмасам сертімде нық.
Мен оның жанын сүйгенмін
Сыртынан ғашық болмай.
Мен оның арын сүйгенмін
Бір көріп асық болмай.
Бейтаныс қыз!
Айталмай қалдың-ау маған
Көзіңнен сезіндім бәрін.
Жырыммен жеткіздім саған
Қалғаны өзіңе мәлім.
Кешір...
Жәнібек Салқынбек