Саясат
Қазақ-өзбек қатынасына
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева Қазақстанға ресми сапармен келген Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаевамен кездесті.
Кездесуде тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше мән берілетінін атап өтті.
Дариға Назарбаева өз сөзінде Өзбекстан Қазақстанның Орталық Азиядағы маңызды стратегиялық әріптесі екенін атап өтті.
- Бүгінде Қазақстан мен Өзбекстан қарым-қатынастарындағы барлық салаларда дамудың жоғары қарқыны көрініс тауып отыр. Оған Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың және Өзбекстан Президенті Ш.М.Мирзиеевтің сіңірген еңбегі зор, - деді Сенат Төрағасы.
Қазақстан Сенатының Төрағасы Өзбекстанның аймақтағы басты сауда әріптесі екенін атап өтті. 2018 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 25 пайызға өсіп, 2,5 млрд долларға жеткен болатын. «Алға қойған ортақ мақсатқа жету үшін осы бағыттағы жұмысты жалғастыра отырып, өзара сауданы 5 млрд доллар көлеміне жеткізу керек», - деді жоғарғы палата басшысы.