Саясат

Халықаралық ұйым: Қазақстанда интернет еркіндігі нашарлап кетті

Жақсарып келе жатқан еді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Жыл сайын ғаламтор еркіндігіне рейтинг жасайтын Халықаралық Freedom House құқық қорғау ұйымы биыл Қазақстандағы интернет еркіндігінің нашарлап кеткенін хабарлап отыр.

Аталмыш ұйымның баспасөз-релизінде жазылғандай, рейтингке кірген 65 елдің ішінде Қазақстан 50-шы орынға жайғасқан. Ал көршіміз Ресей 51-ші, Өзбекстан 58-ші орында. Ағайынды Қырғызстанда жағдай әлдеқайда жақсы болып шықты: 25-ші орында тұр. Ал Тәжікстан мен Түркіменстан рейтингте жоқ.

Қазақстан былтыр бұл рейтингте 46-шы орында болған әрі ғаламтор еркіндігі орташа елдердің қатарына кіруге сәл-ақ қалған еді. Алайда биыл жағдай біраз «ушығып кеткен» сыңайлы.

- 65 мемлекеттің 33-інде ғаламтор еркіндігі жоқ десе болады. 2018 жылдың шілдесінен бері Судан мен Қазақстан, одан кейін Бразилия мен Бангладеш, Зимбабве сынды елдерде ғаламтор еркіндігінің айтарлықтай нашарлап кеткенін көруге болады, - делінген ұйымның баспасөз хабарламасында.

Көрші Қытай мемлекеті де азаматтардың ақпаратқа қол жеткізу құқығын дөрекі бұзып, ғаламторды жиі бұғаттаушы елге айналып отыр.

- Биыл Гонконг жұртының үкіметке қарсы наразылығы күшейгені белгілі. Пекиннің Тяньаньмэнь алаңында болған қанды төңкеріске биыл 30 жыл толып отыр. Осының барлығы қытай үкіметіне ғаламтордағы еркін ақпаратқа қысым жасауға мәжбүр етті. Биыл Қытайдағы цензура мүлдем нашарлап кетті, - деп мәлімет береді ұйым.