Bugin
Тарихи отанына келген жағдайда Қазақстан азаматтарымен бірдей құқық беріледі
Қазақстан үкіметі әлемнің түпкір-түпкірінде жүрген қазақтарды қолдау бағдарламасын дайындап жатыр. Соның аясында этникалық қазақтарға көптеген құқық мен еркіндік беретін арнайы төлқұжат беріледі. Мұны Омбы қаласында өтіп жатқан өңіраралық форумда сөз сөйлеген «Отандастар» қорының вице-президенті Талғат Адуов мәлімдеді.
- Қазақ диаспорасын қолдауға арналған бағдарламаның 2020 жылдың көктеміне дейін дайындап бітеміз. Дайын болған соң, мемлекеттік деңгейде жария етілетін болады, - деді Талғат Адуов бизнес-форумда.
Бағдарлама дайын болған кезде, көктемде әлем қазақтарына арналған форум өткізіліп, сол кезде жан-жақты таныстырылатын болады.
- Бағдарламада біршама жақсы механизмдер қарастырылған. Мәселен, қазақ төлқұжаты деген арнайы құжатты дайындап жатырмыз. Мұндай құжат шетелде жүрген қазақтардың Қазақстанға енуі мен қазақстандық азамат құқығына ие болуына мүмкіндік береді. Яғни, қазақстан азаматтарына ортақ құқық шетелдік қазақтарға да беріледі. Тек саяси құқық қана берілмейді, – деді вице-министр.
Ал азаматтардың саяси құқығына дауыс беру, сайлауға қатысу, қоғамдық ұйым құру, бейбіт митинг пен наразылық шараларына қатысу жатады.
Sputnik Қазақстан