Bugin
Мемқызметтен де аластатылды
Қарағанды соты ұсталған азаматты соққыға жыққаны үшін екі полицейді 6 жыл бас бостандығынан айырды. Мұны Tengrinews.kz хабарлады.
Оқиғаның өзі 2018 жылы жазда болған. Қаланың Октябрь ауданында патруль жасап жүрген полицейлер мас көрінген қыз бен жігітті ұстап, медициналық тексеріске апармақ болған. Алайда жас жігіт тәртіп сақшыларының бұйрығына бағынудан бас тартып, погон иелерінен құжаттарын талап етіп, ұялы телефонмен видеоға түсіре бастаған.
Сот материалдарына қарасақ, жас жігіттің өзі тәртіп сақшыларына боғауыз сөз айтып, бейәдеп қылыққа басқан. Әрі Ұлттық қауіпсіздік комитетінде танысы барын айтып қорқытқан. Полицейлерге тіл тигізгендіктен, бұл да погон иелерінің қытығына тиген көрінеді. Содан ашуға булыққан қос полицей жас жігітті соққыға жығып, көлікке тиіп алып кеткен.
Кейін медициналық тексеріс кезінде жас жігіттің қабырғасы сынып, кеудесі ауырып қалғаны белгілі болады. Зардап шегуші Ішкі істер министрлігінің қауіпсіздік басқармасына шағымданып, кейін мекеменің өзі қызметкерлерге қатысты қылмыстық іс қозғаған. Осыдан кейін қос полицей де кінәсін мойындап, зардап шегушіге 2 млн теңге өтемақы төлеп, істі жапқандай болды.
Бірақ іс мұнымен біте қоймады. Шаруаға прокуратура араласып, тәртіп сақшыларына қылмыстық іс қозғап, қызметін асыра пайдалану және адам денсаулығына қауіп төндіру баптары бойынша айып тағып, сотқа жіберді.
Сот қос полицейге 6 жыл беріп, мемлекеттік қызметпен айналысуға тыйым салды.
Осы орайда айта кеткен жөн, Ақтөбеде де дәл осындай оқиға болып, төрт полицей сотталып кете жаздаған еді. Алайда сот оларды ақтап шықты. Бірінші сот ұсталғандарды соққыға жыққан полицейлерді 4-5 жылға бас бостандығынан айырса, апелляциялық сот мүлдем кереғар шешім қабылдап, тәртіп сақшыларын ақтап шығарды. «Егер ұсталған әрбір маскүнемге бола полицейлерді соттай беретін болса, елде сақшы қалмайды ғой?» деген еді сонда айыпталушылардың бірі.