Экономика
Жолға, көше мен баспа салуға кеткен ақшадан қайыр жоқ
Шымкент қаласының қазіргі әкімінің орынбасары Ербол Садыр экс-әкім Ғабидолла Әбдірахымовтың шаһар бюджетін тиімсіз жұмсағанын мәлімдеді.
Ербол Әбілхайырұлы жаңа қызметке келе қала бюджетіне талдау жүргізіп, біраз келеңсіздіктердің бетін ашқан.
Яғни, әкім командасы жұмысты қағаз күйінде ғана "орындап", шын мәнінде, қамыстың сабағын сындырмаған. Мәселен, Шымкенттегі кейбір елдімекендерге ауыз су жүйесі "тартылғанымен", оны орындауға ақша бөлінбеген.
- Таңқалатын мәселе, Достық шағын ауданындағы Сыпырған ата көшесі арқылы өтетін магистралды су құбырын аяқтауға 300 млн теңге беріп жатырмыз. Осы магистралды су құбырына 100 мыңнан аса халық қарап отыр. Соған 2 жылдан бері қаржы бөлінбеген. Ал енді осы құбырға 300 млн теңге бөліп жүргіземіз. Арғы жағында Шымкенттің батыс бөлігіндегі Темірлан тас жол бойымен Самал-2, Самал-3 шағын аудандарына су беру қуаты жекілікті болады. Ал бұл жоба 2 жылдан бері тұрған. Қаржы бөлінбеген. Бітіп тұрған жоба, – дейді Ербол Садыр.
Сонымен қатар жол құрылыстарын жүргізуде де қаражат ұқыпты жұмсалмаған. Қолда бар қаржыға белгілі бір көшелерді салып бітірмей, ақшасын басқа көшеге шашып жіберіпті. Содан көшенің құрылысы аяқталмай, келесі жылға қалған.
Тұрғын үй құрылысында да осындай олқылықтарға жол берілген.
- Қаржы еш уақытта жеткен емес және жетпейді де. Мәселе бар қаржыны тиімді жұмсауда. Нәтижелі түрде жұмсау керек. Ақшаны алып бүкіл Шымкент қаласына шашып жіберсеңіз, ештеңе де болмайды. Мәселен, мың көшені алыңызда 1 миллионнан беріп жіберіңіз. Барады да бір трактормен қазып шығады мың көшені. Болды. Үкіметтен тұрғын үй салуға кредит береді. Ол кредитті 2 жылға береді. Ол кредитті алу керек те, сол бағытта тиімді жұмсау керек. Ал бізде бұл уақытқа дейін не істеген? Мен сіздерге айтайын, келген қаржыға 40 үйді бастағанда, 40 үйге таратып жіберген. 40 үйдің ешқайсысы бітпейді. 20 млрд ақша кеткен. Соның 11 үйін ғана пайдалануға беріп отыр. Енді 5 үйін пайдалануға береді. Сонша 20 млрд ақшаға 40 үйдің қазір 30-ын пайдалануға беріп тастауға болар еді, – дейді ол.
Шымкенттің бүгінгі басшылығы қаладағы әлеуметтік мәселелерді бірінші, екінші, үшінші кезекте шешілуге тиіс деп, маңыздылығына қарай жіктеп тастапты. Сол себепті қазынадағы қаржы бірінші кезекте халықтың мұқтажына қарай туындаған мәселелерді шешуден бастамақ. Осыған орай, ұзақмерзімді құрылыстардың қалған қаржысын қала қазынасына қайтарып, қысқа уақытта шешілетін өзекті жобаларға жұмсап жатыр екен.
- Бюджеттің негізгі принцпі – ол түпкі нәтиже. Яғни біз жұмсаған қаржыдан қысқа мерзімнің өзінде сол түпкі нәтижеге жетуіміз керек. Соның пайдасын халық көру керек, – деді Ербол Әбілхайырұлы.