Саясат

Даниал Ахметов: Қорқудың қажеті жоқ. Әкім депуттар туралы не дейді?

Депутаттар билікті сынай білуі керек

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Мәслихат депутаттарының жұмысы мен міндеті халықтың әлеуметтік тұрмыс жағдайын арттыра отырып, құқығы мен бостандықтарын талап етуге, қалың бұқараның құқықтық сауаттылығын және саяси мәдениетін көтере отырып, билікке ықпал ету, ауылға бөлінген қаражатты тиімді, мақсатты жұмыстарға жұмсау, білім сапасын арттыру және мекемелердің материалдық базасын жаңарту, әділдік, теңдік қалыптастыру деп ойлаймыз. Шынтуайтына келгенде, әсте олай емес.

Егер халық қалаулылары билікті шынайы сынаса, билік басындағы шенеуніктердің істеген заңсыздықтары жұртшылық алдында әшкереленіп қалады. Тіпті, облыс әкімі Даниал Ахметовтің өзі кезекті мәслихат сессиясында бұл мәселенің шетін қайырып қалды.

- Аса құрметті депутаттар, қаралатын мәселелерге ұсыныс емес, жауапты басшыларға нақты пунктілермен тапсырма беріңіздер. Қорықпаңыздар, кикілжіңнен қорықпау керек. Себебі атқарушы органдар қоғам алдында жауап беретінін білуі тиіс. Ал сіздер не істейсіздер? Сіздер, жалпы мәслихат комиссиясы бөлім, басқарма басшылары, аудан әкімдерімен "жолдастық" қарым-қатынасты құртқыларыңыз келмей, бәрін "керемет" дейсіздер. Ал мәселелер - қоғамның мүддесі. Сондықтан сұрақ туындаса, жазбаша нақты тапсырма беріңіздер. Егер оны орындамаған жағдайда "Даниал Кенжетайұлы, сіздің қарамағыңыздағы басқарма басшысы сессияның, депутаттың тапсырмасын орындамайды" деп маған көрсетіп, айтыңыздар, - деген аймақ басшысы шынайы мәслихат қызметінде халықтың исі, соның мұң-мұқтажы сезіліп тұруы тиістігін айтты.

Иә, расымен, мәслихат депутаттары кезекті жиналыстарға келіп, халықтың тағдырын 15 минутта шешіп тастайды. Тіпті, күн тәртібінде талқыланатын мәселелердің шешімі алдын ала белгіленіп қойылған. Сонда "мәслихат сессиясында депутаттардың атқаратын жұмыстары - қол көтеру ғана ма?" деген сұрақ туындайды.

- Сіздерге оқып берейін, мәселен, мына парақта Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының баяндамасына қатысты комиссия "Қоғамдық көліктердің жұмысын ары қарай дамыту ұсынылады" деген шешім шығарып берген. Осындай шешім бола ма? - деп сөккен облыс әкімі облыстық мәслихат хатшысы Владимир Головатюкке шешімді қайта түзетуді, айтылған ескертпелерді орындауды сұрады.

Ал қарсы келгендерден пайда жоқ, себебі көп дауыс шешеді. "Кім қарсы?" деген сауалға бір-екі қол көтерілуі мүмкін, олардың дауысын он шақты депутат басып кетеді. Іс бітті. Өкінішке қарай, біздегі мәслихатта биліктің буы бұрқырап тұр...