Саясат
Билік айтатын «жылымық» кезеңде тағы бір партия құрылғалы жатыр
Қоғам белсендісі, Ұлттық сенім кеңесінің мүшесі Мұхтар Тайжан өзінің Facebook-парақшасында көрші Қырғыз елінің халқы бізден үш есе аз болғанына қарамастан, 200-ден астам партиясы барын айтып, жоспарымен бөлісті.
Мұхтар Тайжанның жазбасынан:
«Қазір біраз белсенділер партия құрамыз деп жатыр. Бұл дұрыс я табиғи нәрсе деп білем. Елімізде көп партия болуы қажет. Бізден үш есе халқы аз Қырғызстанның өзінде 200-ден астам партия бар. Ал бізде небәрі 6-7 партия ғана... Сондықтан партия құруды мен өз басым құптаймын, дұрыс. Заң жүзінде мұндай мүмкіндік ашылса, біз де достарымызбен бірге партия ашамыз деп жоспарлап отырмыз. Саяси бәсекелестіктің арқасында ғана қоғам дамиды».
Осыған дейін белгілі журналист Ж.Мамай «Қазақстан демократиялық партиясын», азаматтық қозғалыс белсенділері «Respublika» партиясын, Б.Тілеухановтың келіні Т.Қожалиева өздерін «билік пен халықтың ортасына көпірміз» дейтін «Хақ» партиясын құрып жатыр, ал Бэлла Орынбетова «саяси өлік» деп атаған Ә.Қосанов әлдебір партияның мүшелігіне кірмек ойы барын мәлімдеген болатын. Алайда кейбір сарапшылар, соның қатарында Дос Көшім аталған ұйымдарға «жоғары жақтан», «билік тарапынан» құрылып жатыр деген күмәнмен қарайды.