Авторлық ертегі

Сұр қарлығаш пен пингвиннің достығы

Ертегі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Баяғы өткен заманда Еуразия орталығында орналасқан Қазақ деген тамаша елге ойшыл-ғалымдар зерттеу жасау үшін пингвин әкеліпті. Күндердің күнінде адамдардың қатаң бақылауындағы пингвинге көк жүзінде самғап ұшып жүрген мейірімді сұр қарлығаштың назары түседі. Екеуінің бойларындағы ортақ қасиет - мейірімділік олардың таныстығын бірден достыққа ұштастырыпты. Пингвин адамдардың қарауында болып, бостандыққа шыға алмапты. Ал мейірімді сұр қарлығаш болса, көк жүзінде самғап, биікке ұшады екен.

Бірде сұр қарлығаш заңғар биікте самғап жүріп, оңтүстік жарты шардың Антарктида шаһарына тап болыпты. Антарктикадан өзінің досына ұқсас көптеген пингвиндерді көріп, таң-тамаша қалып, дереу олардың әрекетін бақылай бастайды. Пинвиндердің бір-бірін іздеп, қауіптің болатынын ескертіп жатырғандарын естиді.

-  Антарктида шаһарына қауіп төнді! Күн жылынып, қар еріп, мұздықтар құлай бастады.

-  Бұлай жалғаса беретін болса, барлық дүниежүзіне қауіп төнеді!

-  Су деңгейі көтеріліп, әлемді су басады! - деген аянышты дауыстар сұр қарлығашты бей-жай қалдырмады.  

Мұны ести сала сұр қарлығаш дереу еліне самғайды. Ол пингвин досына келіп бар мән-жайды айтып береді. Екеуі бұл хабарды адамзат баласына жеткізудің амалын іздейді. Пингвин өз елі үшін өзін құрбандыққа шалуға бел байлайды. Пингвин салмағына салмақ қосып, бір орыннан тапжылмай тұра береді. Үнемі қозғалыс үстінде болатын пингвин үшін бұл өте қиынға түсіп, оның жағдайы күннен-күнге нашарлай береді. Оның ішкі қасіретін қарлығаштан басқа ешкім түсінбейді. Оның халі нашар болғанын көріп, ойшыл-ғалымдар Қазақ елінің климатына оның өмір сүре алмайтындығын түсініп, оны еліне қайтаруды ұйғарады. 

Содан айлап жүріп, әрең дегенде шаһарға жетеді. Шаһардағы жағдайды адамзат баласы өз көзімен көріп, әлемге қауіп төніп жатқанын біледі. Пингвин болса, туған шаһарына келіп дыбыстай бастайды. Адамдардың көмекке келгенін білдіреді. Ол ескек аяқтарын әрең дегенде қозғап, сұры қашып, жанын шүберекке түйіп өзінің алып денесімен пингвиндерге көмектесіп, мұздықтардың түсу қаупінен қорғайды. 

Адамдар болса, қолдарынан келген көмегін жасап, ауа райы мен судың көтерілу деңгейін өлшеп, пингвиндерді өз бақылауларына алады. Сұр қарлығаш білдіргендей шаһарда мұз, қар еріп, су басу қаупі төнген екен. Бірнеше күннен кейін бұл шаһар қайтадан суытып, еріген мұздықтар қатып, қайта өз орнына келе бастайды. 

Пингвин туыстарымен қауышып өмір сүреді, дегенмен оның жағдайы күн өткен сайын нашарлай береді. Сөйтіп достары үшін үлкен ерлік жасаған пингвин өмірден өтеді. Оны ерлігі үшін «Император пингвин» деп атайды. Ал сұр қарлығаш болса, өзінің батыр досын сағынып, амалсыздан еліне қайта оралады. Антарктида шаһарында достықты, мейірімділікті қолдайтын император пингвиндер көбейе бастаған. 

Ғалымдар зерттеп, Антарктида шаһарының осыбір пингвиндер үшін ең "қауіпті", ең жылы уақытын «ақпан айы» деп атап кеткен екен. Ал содан бері сұр қарлығаш, ең биік ұшатын құс болып саналады екен.