Саясат
Бүгінде әлеуметтік желі арқылы ұтыс ұйымдастыратындар көбейп кетті
Олар «ақсақты тыңдай, өтірікті шындай» соғып, ұтысқа қатысқан жұрттың барлығы жарылқанады дегенді айтады. Осылайша ұйымдастырушыларға «жәрдемдесіп», лотореяның бұқаралық сипат алуына түркі болады. Бұл үшін қомақты қаржы алады. Ал экранда жылтырап жүргендерді «пір тұтатындар» олардың сөзіне сеніп, жаппай ұтысқа қатысады. Әлдеқандай жағдай болғанда ұтысқа қатысуға үгіттеген бағанағы спортшы, әнші, әзілкеш дегендер осыған дейін айтқандарынан тайқып:
«Ұйымдастырушыларға хабарласыңыздар!» деп ат-тондарын ала қашады. Ал ұйымдастырушылардың «сайда саны, құмда ізі» қалмауы мүмкін. Осы жерде әлеуметтік желі арқылы ұтыс ұйымдастыру, лотерея ойнату заңды ма деген сұрақ туады. Сауатты адам бірден бұл әрекеттің заңсыз екенін айтады. Біріншіден, әлеуметтік желі арқылы ұтыс ұйымдастыруға заң бойынша рұқсат берілмеген. Екіншіден, ұтыс ұйымдастырғандар тапқан табысынан мемлекетке салық төлемейді, яғни ақшаны заңсыз айналдырады. Обалы не керек, лотореяны әділ өткізіп жатқандар да бар. Олар жүлдеге тігілген дүниенің барлығын тиісінше таратады, бірақ қазына қаржысын толтырмайды. Яғни лотореядан түскен табыстың бір бөлігін таратып, қалғанымен қалталарын қампайтады. Айта кетейік, қазір парламентте «Лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралып жатыр. Аталмыш заң жобасына өзгеріс енгізілсе, әлеуметтік желіде лотерея ойнатқан жеке тұлғалар жауапкершілікке тартылады. Олар ұтыстан түскен қаржысынан айырылады және айыппұл төлейді.
«Лотереялар және лотерея қызметі туралы» заң лотерея ойнатуды әкімшілік құқықбұзушылыққа жатқызуды көздеп отыр. Заң талабы бойынша заңсыз ұтыс ойынын өткізгендерге ең әуелі ескерту жасалады. Бұдан қорытынды шығарылмаса, яғни ескерту алған тұлғалар бір жыл ішінде заңға қайшы әрекетін тағы қайталаса, ұтыстан түскен пайда толық мемлекеттің меншігіне өтеді. Болашақта заңсыз ұтыс ұйымдастырған жеке тұлғаларға - 200, заңды тұлғаларға немесе коммерциялық емес ұйымдарға - 750, орта кәсіпкерлік субъектілеріне -1 мың, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне - 2 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін Біле жүріңіз, елімізде лотерея ұйымдастыратын жалғыз ұлттық оператор бар. Сол ғана лотерея ойната алады және лоторея ойнатуға рұқсат береді. Ұлттық оператор осыдан екі жыл бұрын үкіметтің қаулысымен 15 жыл Қазақстан аумағында лотерея ойнату құқығы бар жалғыз компания болып бекітілді. Ұлттық оператордың PR-менеджері Әсемгүл Сыздықованың сөзінше, әлеуметтік желілерде ұтыс ұйымдастырып жүрген бірде-бір жеке немесе заңды тұлға мәселенің мән-жайын білмеген. «Лотерея билеті мен лототрон қолданылса немесе лоторея сатылса, ұйымдастырушы ұлттық операторға хабарласуға міндетті. Алайда ұйымдастырушылардың барлығы салық төлеуден жалтарып, ұтыс ойындарын заңсыз өткізіп жүр. Уақыт өте келе мұның барлығына заң арқылы тыйым салынады», – деді ұлттық оператордың өкілі.
Атап өтерлігі дәл қазір ұлттық оператордың рұқсатынсыз әлеуметтік желіде ұтыс ұйымдастырып жүргендерге ешқандай шара қолданылмайды. Себебі қолданыстағы құжатта шара қолдану құқығы бекітілген бап жоқ.