Саясат
Анкара санкцияның не екенін түсінбей отыр
АҚШ Конгресі С-400 ресейлік зениттік зымыран кешендерін сатып алуға байланысты Түркияға қарсы санкция енгізбек. Бұл туралы АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Роберт О'Брайен CBS телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді.
Кеңесші америкалық тарап бірнеше рет Түркияға ресейлік қару-жарақты сатып алуға жол бермеу туралы ескерту жасағандығын атап өтті. АҚШ президенті Дональд Трамп бұл түрік әріптесі Реджеп Тайып Ердоғанға келесі аптада Вашингтонға жасаған сапары кезінде еске салады. О'Брайеннің айтуынша, санкция салынған кезде Анкараның жағдайы қиындап, сонда ғана ауыртпалықты сезінеді.
23 қазанда Түркия жоспарланған мерзімінен бұрын С-400 кешендерінің барлық элементтерін алғаны және Ресеймен қосымша жеткізілімдерді талқылайтындығы белгілі болды.
Ресей өндірісінің С-400 «Триумф» төрт дивизионының Анкараға жеткізу туралы келісім 2017 жылдың қыркүйегінде жасалған болатын. Келісім-шарттың құны 2,5 миллиард долларды құрады. ЗРС-ны Түркияға жеткізу 2019 жылдың шілде айында басталды.