Woman

Тәтті котлетті қалай дайындауға болады?

Қыздарға кеңес

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Котлет еттен, балықтан, үй құстарының, сондай-ақ аң мен еті жеуге жарамды жабайы құстардың етінен, көкөністен, жармадан дайындалады.

Котлеттер қоспасыз таза, жаншылған және туралған еттен жасалған болып бөлінеді. Қоспасыз таза және жаншылған котлет жасау үшін мал ұшасының ең жұмсақ етін (арқасы мен белдемесінің), сондай-ақ үй құсының және аң мен жабайы құстың төс еті қолайлы. Туралған еттен котлет жасағанда ірі қара мен қойдың, құстың жілік етін пайдаланады.

Көкөніс котлеттерін піскен картоптан, капуста мен сәбізден немесе асханалық қызылшадан, жарма котлеттерін – пісірілген күріштен, сөктен, манныйдан, арпа жармасынан дайындайды.

Қоспасыз таза, жаншылған және туралған еттен жасалған котлеттерге қуырылған немесе қайнатылған картоптан, картоп пюресінен, көк бұршақтан, макарондардан, сусымалы ботқадан гарнир әзірлейді және көкөністердің әр түрінен құралған гарнирлерді де қосып береді. Ал балық котлеттеріне гарнир қайнатылған картоптан, пюреден, буға пісірілген күріштен жасалады. Көкөніс пен жарма котлеттерін дастарқанға гарнирсіз қояды, бірақ соус немесе сары май қосып береді. Жармадан жасалған котлеттерді тәтті тағам ретінде де пайдаланады, ол үшін оған ваниль қосып, көкөністерден жасалған тәтті соустар, кисель мен қайнатпа қосып ұсынады.

Қоспасыз таза және жаншылған котлеттер. Бұл котлеттерді дайындау үшін малдың жұмсақ етін пайдаланады. Қоспасыз таза котлет жасау үшін етті жақсылап жуып, тазартады, содан кейін етті қиғаштап, котлет көлеміндей етіп турайды. Әр котлетті тұздап, аздап бұрыштайды да, қызарып піскенше табаға салып қуырады. Бұл котлетті сүт соусына қыздырып, пісіруге де болады. Ол үшін оны әуелі қуырып алады, сонан соң сүт соусын құйып, үгілген ірімшік сеуіп, духовкаға қояды.

Жаншылған еттен котлет жасау үшін етті жуып, тазалайды, одан кейін әр котлетті аздап тоқпақтап жаншып тұздайды, бұрыш сеуіп, жұмыртқа қосады, кептірілген нанның ұнтағына аунатып алады. Сонан соң табаға салып, 15 - 20 минут беті қызарғанша пісіреді. Дайын котлетті дастарқанға қояр алдында үстіне сары май қосады.

4 - 5 жаншылған ет котлетіне: 600 грамм ет, 2 ас қасық шыжғырылған немесе басқа май, 1 жұмыртқа, 3 ас қасық кепкен нан ұнтағы жұмсалады. Тұз бен бұрышты қажетінше салады.

Туралған еттен жасалған котлет. Етті сүйегінен бөлектеп, сіңірінен тазартады, содан кейін ұсақтап турайды да, ет тартқыштан өткізеді, суық суға немесе сүтке жібіткен қабықсыз нан, керегінше тұз, бұрыш қосады. Барлығын араластырып, ет тартқыштан тағы да өткізеді. Арық етті немесе кәрі малдың етін пайдаланғанда котлет тым тығыз әрі құрғақ болып шығады, сондықтан оған үзбей араластырып отырып суық су немесе сүт (кілегей) құю керек.